Қазақ халқының ұлы ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Абай QUIZ» зияткерлік додасына еліміздің барлық аймағынан 180 команда, яғни 1080 жас қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл – интеллектуалды ойындар тарихындағы рекордтық көрсеткіштердің бірі ретінде Қазақстан Рекордтар кітабына (КИНЭС) енгізілмек.
«Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны – Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және Семей қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2 тамыз күні Семей қаласындағы «Абай Арена» көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде өтеді. Тіркелу мерзімі – 2025 жылғы 25 шілдеге дейін», дейді ұйымдастырушылар.
Интеллектуалды іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен дәріптеу, жастар арасында білім мен мәдениетке деген қызығушылықты арттыру, интеллектуалды ойынды жастардың өмірлік дағдыларын дамыту құралы ретінде насихаттау, Қазақстан жастарының арасындағы командалық рух пен достық байланыстарды нығайту.
Ойынға қатысу шарттары: Ойын қазақ тілінде өтеді. Қатысушылардың жасы – 18-35 жас аралығы, әр команда 6 адамнан тұрады, жалпы саны – 180 команда: олардың құрамында мектеп, колледж, ЖОО оқушылары мен студенттері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері, мәдениет, спорт, БАҚ және басқа да сала жастары қамтылады.
Жүлде қоры – 4 700 000 теңге
І орын – 1 000 000 тг ІІ орын – 800 000 тг ІІІ орын – 600 000 тг IV–V орын – 400 000 тг VI–X орын – 200 000 тгСонымен қатар, үздік командаларға арналған арнайы номинациялар тағайындалады: «Үздік студенттік команда», «Үздік ұжым», «Үздік аудан командасы», «Ең креативті команда», «Үздік образ», «Үздік талпыныс», «Қара сөз жүлдесі» және т.б. Ойын кезеңдері: «Абай QUIZ» 7 негізгі кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысы Абай мұрасын, ұлттық тарих пен әдебиетті, логикалық ойлауды және шығармашылық қабілетті қамтиды. Ойын барысын арнайы концерттік бағдарламалар мен музыкалық үзінділер сүйемелдейді. Сонымен бірге, қонақ командалар үшін Семей қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырылып, кешкі ас және мәдени бағдарлама ұсынылады.
Абай облысы