Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова мәлімдеді. Маманның сөзінше бұл жалпы қала халқының 80 пайыздан астам үлесін құрайды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған азаматтар саны жыл санап артып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен бірге А.Ізбасарова осы тақырыпқа орай өткен брифингте шаһардың 700 мыңнан астам тұрғыны жеңілдік санатында екенін, олардың жарнасын мемлекет төлеп жатқанын баяндады. Алайда 237 492 азаматтың сақтандыру мәртебесі бүгінгі таңда болмай тұр. Оның ішінде 56 мыңнан астам тұрғын әлеуметтік осал топты азаматтар санатына кіреді.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады.
«Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлей алмай қалған кісінің сақтандыру мәртебесі 3 айға ғана жарайтын, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеп, кездейсоқ жұмысынан айырылып қалған адамның сақтандыру мәртебесі 6 айға дейін сақталып тұра береді. Яғни, азаматтар уақытша жұмыссыз жүріп қалса да, медициналық көмекті тегін ала береді. Бірақ кейін төленбеген мерзімдегі қарызын өтеу керек болады» деді Қор филиалы директорының орынбасары А.Ізбасарова.
Бұдан басқа, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселесінде жергілікті әкімдіктің жауапкершілігін арттыра түсетіні сөзсіз. Маманның пікірінше осылайша бұл өзгерістер жергілікті атқарушы биліктің жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауына түрткі болмақ.
Шымкент