Әлеуметтік теңдік – зайырлы мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Әсіресе қоғамның осал топтарының құқығын қорғау, оларды қолдау, ортаға бейімдеу өркениетті елдің өлшемі саналады. Алайда кейінгі жылдары Қазақстанда осы санаттағы азаматтар қаржы ұйымдарының қысымынан зардап шегіп жатыр. Бұған не себеп?
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде әлеуметтік жағынан осал санаттағы 3,2 миллионнан аса азамат тұрады. Бұл қатарға зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік көмек алушылар жатады. Олардың басым бөлігі үшін зейнетақы мен жәрдемақы – жалғыз табыс көзі. Бірақ бұл қаражат бүгінде несие жабуға жұмсалып, біраз отандасымыз күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда қалып отыр.
Мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілген еді. Депутат Ерлан Стамбеков Қаржы нарығын реттеу агенттігіне, Әділет министрлігіне және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы сауал жолдап, елдегі әлеуметтік осал топтардың, әсіресе зейнеткерлердің қаржылық жағдайын банк секторының пайда көзіне айналдыруды тоқтатуды талап етті. Сөз арасында ол осындай жағдайға тап болған азаматтардың есімдерін де атады.
– Алматы қаласында туғанынан ІІ топ мүгедектігі бар Жантөре Ходжабергеновтен сот шешімімен 15 млн теңге «СейфЛомбард» пайдасына өндірілді. Жеке сот орындаушысы оның мүгедектігі бойынша алатын зейнетақысынан 100% мөлшерінде ұстап отырған. Тағы бір мысал, Ирина Скрипникова есімді зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, 72 жасында тұтынушылық несие рәсімдеген. Несие берген банк Хоум кредит банкі оның жалғыз табыс көзі зейнетақысын негізге алған, – дейді мәжілісмен.
Ол белгілі бір деңгейде шаралар қабылданып жатқанымен, осындай әлеуметтік осал азаматтардың қарызға белшесінен батып жатқан жағдайлары әлі де жиі кездесетінін айтты.
– Біз қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау үшін бірқатар шара қабылдап келеміз. Алайда соның өзінде қоғамның ең әлсіз және қорғалмаған азаматтарға қарыз қақпандарын құру тәжірибесі жалғасып отыр. Бір уақ ой елегінен өткізіп көрсеңіздер. Қазір несиелер нақты төлем қабілетінсіз, жеке мүлік кепілдігімен беріледі, тіпті ол жалғыз пәтер болса да. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есептеледі, бұл кей жағдайларда КДН (қарызды өтеу нормасы) талаптарына мүлде кірмейді. Ал соңында сол әлеуметтік төлемдердің өзінен қарыздар өндіріп алынады, – деді Е.Стамбеков.
Бұл уәжге Мәжіліс депутаттары Таңсауле Серіков пен Кенжеғұл Сейтжан да үн қосты. Олар бірлесе түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болар ұсыныстарын да әзірлеген.
– Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар (ӘОСА) үшін банкроттық рәсімін жеңілдету – 12 ай мерзімді күту талабынсыз, қарапайым схема арқылы жүзеге асыру. Зейнетақы мен жәрдемақыны төлем қабілетін есептеу кезінде кіріс ретінде тануға заңмен тыйым салу. Несиелер бойынша берешекті өтеу үшін зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден қаражат өндіріп алуға заңмен тікелей тыйым енгізу. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу агенттігін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін, Әділет министрлігін мынадай бағыттарда терең талдау жүргізуге шақырамын. Осылайша, әуелі әлеуметтік осал топтардың борыш жүктемесінің ауқымын анықтау, зейнетақы мен жәрдемақыны жалғыз табыс көзі ретінде қорғаудың тиімді механизмдерін әзірлеу керек. Біз қоғамның ең әлсіз мүшелерін кредиторлардың пайда көзіне айналдыру тәжірибесін тоқтатуымыз қажет. Бұл – моральдық, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілік мәселесі, – деп түйіндеді депутат.
Депутаттық сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жауап қатты. Ол Әлеуметтік кодекстің 117, 174 және 203-баптарына сәйкес зейнетақылардан, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты тағайындалатын әлеуметтік төлемдерден ұстап қалуға тек атқарушылық іс жүргізу негізінде жол берілетінін алға тартты.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу белгіленген соманың 25%-ынан аспайтын мөлшерде жүргізіледі, ал зейнетақыларынан ұстап қалу белгіленген соманың 50%-ынан аспауға тиіс. Сонымен қатар асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнен және әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардан ұстап қалу жүргізілмейді. Жәрдемақыларды төлеу оларды зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шоттарына аудару жолымен жүргізіледі. Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мақсатында зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді алушылар міндетті түрде мемлекеттік бюджет немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен төленетін жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін жеке банктік шот ашу мүмкіндігі туралы хабардар етіледі. Мұндай шотта орналастырылған қаражатқа үшінші тұлғалардың өндіріп алуына жол берілмейді», делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Әрине, бұл мәселе бір министрліктің құзыретімен шешілмейді. Сондықтан бүкіл мемлекеттік жүйе үйлесімді жұмыс істеуге тиіс. Яғни заңнамалық база мен әлеуметтік саясатты жетілдіру, қаржы институттарының әрекеттерін қатаң бақылау, сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауатын арттыру бағытындағы кешенді шаралар қажет. Осы мақсатта әлеуметтік осал топтарға жататын немесе төтенше жағдайдан зардап шеккен отандастарымыздың несиесін шегеру туралы құжат қоғамдық талқылауға ұсынылған. Онда комиссиясыз кемінде үш ай мерзімге кейінге қалдыру қарастырылған. Егер ұсыныс қолдау тапса, азаматтар дефолтқа ұшырамай, болашақта қайта төлеу мүмкіндігін сақтап қалады. Ендеше, қоғамда әлеуметтік тұрақтылық орнайды деген сөз. Бірақ мұның екінші тұсы да бар. Сарапшылардың айтуынша, коммерциялық банктер уақытша табыстан қағылады, бұл олардың несие беру белсенділігіне әсер етуі ықтимал. Тіпті кей азаматтар жеңілдікті пайдаланып, жауапкершіліксіз несие алуға бейімделуі де мүмкін. Бұған қоса мемлекет банкке өтемақы төлейтін болса, бұл бюджеттік шығындарды арттыратын көрінеді. Демек әлеуметтік қолдаудың әділ әрі тиімді болуын қамтамасыз ету үшін несиелердің нақты мақсатын мұқият зерттеп, құқықтық тетіктерді жетілдіру қажет. Бұл өз кезегінде мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдаланып, шынайы мұқтаж азаматтардың ғана қорғалуына жол ашады.