Біздің елде агросектордан ірі инвесторға айналған, «Forbes» тізіміне ілінген кәсіпкерлер сирек. Көбі ауыл шаруашылығын тәуекелі көп, қайтарымы жылдарға созылатын сала деп таниды. Кейіпкеріміз, «Aitas» холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың жетістікке жету жолы қарапайым. Ол үшін табыс формуласы, Маркстің сөзімен айтқанда, бизнесте кең даңғыл жол жоқ, оның заңына тек шаршаудан қорықпай, тастақты соқпақтармен өткендер ғана төтеп бере алады.
«2011 жылы агросекторға ат басын бұрдым. Тура сол кезде Өскеменде құс фабрикасы сатылып жатты, соны сатып алып, еңбек жолымды бастадым», дейді. 2024 жылы «Aitas» холдингінің елдегі құс етін тұтынудың жалпы көлеміндегі үлесі – 26%, жергілікті өндірістегі үлесі 39% болды.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бизнес әлемі сырт көзге қызылды-жасылды болып жарқыраған сиқырлы әлем. Бұл әлем гауһармен көмкерілген «Ролекс»-терді сатып алу немесе қолындағы бар қаржыға 200 мың доллар тұратын «Мерседестерді» тізгіндеу емес. Жаратылысыңдағы ана сүті, әке тәрбиесі ғана болмысыңның арасалмағын тең ұстап тұрады. Жетістігіңіздің 80%-ы сізге тиесілі емес екенін сезіну керек, себебі бұған сіздің генетикаңыз, отбасыңыз, дүниеге келген уақытыңыз бен жеріңіз себепші болады.
«Елде жекешелендірудің кезекті толқыны жүріп жатыр. Капиталыңыз 300 млн доллардан асыпты. Стратегиялық нысандардың бірін сатып алудың сәті түсіп тұр» деген сауалымызға былай деп жауап берді:
«Біздің холдингтің стратегиясы қандай да бір жекешелендіруге қатысуды көздемейді. Ол коллаборацияны қамтиды. Азық-түлік саласында жұмыс істейміз және бұл әрдайым бәсекелі нарық, онда жекешелендіру нысандары, мемлекеттік меншік жоқ. Жекешелендіру мүмкіндігі болса да қатыспас едім, өйткені мұнда басқа дағдылар қажет».
«Aitas» холдингі «егістіктен дүкен сөресіне дейін» қағидасы бойынша жұмыс істейтін 20-дан астам компанияны біріктіреді. 5 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы жылы холдингті аграрлық шикізаттан брендке бағдарланған food-компанияға айналдыру жоспары басталды. Қазір азық-түлік маркетингісі, сату саласындағы мамандар мен тамақ өндірісінің технологтері ауадай қажет. Мамандарымызды агросекторы дамыған елдерге тәжірибе алмасуға жіберетін кез келді», деді.
Кәсіпкер тікелей инвестициялау арқылы миноритарлық акционерлерге айналатын бастамаларды қарастырып жатқанын да мәлімдеді.
«Мақсатым – экономиканың нақты секторында болған кезде алған 25-30 жылдық тәжірибемді 10 компанияға беру. Біз түрлі салаларда бенчмаркалар орнатып, осы саланы институционалдандыра алатын компанияларды таңдаймыз. Біздің компаниямызда салаларды нығайту, ашықтық тұрғысынан әсер етуге мүмкіндік беретін тәжірибе бар деп есептейміз», дейді кәсіпкер.
Холдинг «IL-TOV» компаниясының 100% акциясын 2,1 млрд теңгеге (4,1 млн долларға) сатып алды. Мәміле компанияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылды. «IL-TOV» – қуаты жылына 3,6 мың тонна өнім шығаратын құс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын. Зауытқа шикізатты холдингке кіретін Макинск құс фабрикасы жеткізеді. «Зауытты одан әрі дамыту және жаңғырту бойынша жақсы жоспар бар, ол таяу жылдары жылына 10-15 мың тонна қуаттылыққа шығуға мүмкіндік береді», дейді С.Толықпаев.
Кәсіпкер компанияның әлеуметтік жауапкершілігін де әркез назарда ұстайды. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамуға жетелейтін қор ашқан. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде 20 медициналық зертхана ашты. Қор 3 ауданда өз жұмысын жүргізіп жатыр: Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, Ұлан аудандары мен Ақмола облысындағы Бұланды ауданы. Жергілікті қоғам, билік және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ауданның ұзақмерзімді даму стратегиясы әзірленген. Стратегияға негізделген экономика, білім, архитектура, инфрақұрылым, экология бағытындағы кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
2019 жылдан бері Катонқарағай және Бұланды аудандарында қор 150-ден астам жобаны жүзеге асырып, жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Ал аудандарға тартылған инвестициялар көлемі 23 млрд теңгеден асты.
АЛМАТЫ