2025 жылдың 1 шілдесіндегі деректерге сәйкес, еліміздегі 45,7 мың отбасындағы 245,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берілді. Бұл мақсатқа 16,2 миллиард теңге бөлінген. Жалпы алғанда, 2025 жылы АӘК төлемдеріне республикалық бюджеттен 10,7 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
АӘК-тің негізгі мақсаты – аз қамтылған отбасыларды қолдау, оларға ақшалай көмек көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту.
АӘК мынадай қолдауларды қамтиды:
Табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек төлеу; 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы төмен отбасылардағы балаларға ай сайын 1,5 АЕК көлемінде қосымша төлем жасау. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл көмек 75,2 мың балаға тағайындалып, 2,1 миллиард теңге көлемінде төлем жүргізілді; Жұмысқа орналасуға, кәсібін бастауға ниетті азаматтарға грант беру, қажет болған жағдайда оқыту курстарына жіберу сынды шаралар арқылы еңбекке тарту.Айта кетейік, өтініш беру үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына, ауылдық округ әкімдеріне немесе egov.kz электрондық порталы арқылы жүгіне алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35%-ы деңгейінде, бірақ өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен емес мөлшерде белгіленді.