Бүгін Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік борыштың қазіргі жағдайы және оны басқару жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,9 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 21,1%-ын құрап отыр. Жыл басынан бері борыш көлемі 40 млрд теңгеге ұлғайған. Негізгі өсу себептері – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұрын алынған қарыздарды игеру.
«Бұл ретте, жалпы ішкі өнімнің өсімі қарқынының арқасында, мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы төмендеуі жалғасуда: 2020 жылғы 29,2%-дан, 2024 жылы 23,5%-ға дейін. Осылайша, 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында белгіленген жалпы ішкі өнімге 32% көлеміндегі мемлекеттік борыш лимиті сақталып отыр», делінген хабарламада.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылғы 24 маусымда Қаржы министрлігі халықаралық нарықта жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларына тең евробондтарды сәтті орналастырған. Бұл 2015 жылы алынған сыртқы қарыздар бойынша алдағы төлемдерді толық қайта қаржыландыруға мүмкіндік беріп, жиынтық борыш көлемін ұлғайтпай шешім қабылдауға жол ашқан.