• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 09:15

Урсула фон дер Ляйен қызметінде қалды

20 рет
көрсетілді

Еуропарламент Урсула фон дер Ляйен басқаратын Еуропалық комиссияға сенімсіздік вотумын жариялап, дауысқа салған еді. Алайда мақсатына жете алмады. Десе де мұның Еурокомиссия басшысына тигізер салдары қандай болуы мүмкін?

Даудың басы – Pfizer вакцинасы

Шілденің 7-сі күні Страсбургте Еуро­парламенттің пленарлық отырысында Еурокомиссияға сенімсіздік вотумына қатысты пікірталас өтті. Сенімсіздік вотумын қабылдауды румыниялық депутат Георге Пипера ұсынған еді. Ол Еуро­комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенді Covid-19 пандемиясы кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айып­тап, барлық комиссияның отставкаға кетуін талап ететін ұсыныс дайындады. Мұны 75 Еуропарламент депутаты қолдады, яғни вотум қабылдауға жеткілікті дауыс жиналды.

Алайда Урсула фон дер Ляйенге және оның атқарушы кеңесіне сенімсіздік таныт­қан Еуропарламент нағыз дауыс беру ке­зінде қажетті дауыс жинай алмады. Еуро­парламенттің 360 депутаты қарарға қарсы дауыс беріп, 175-і қолдап, 18-і қалыс қалды.

Бұл мәселе мынадан басталды. 2023 жылдың қаңтарында The New York Times (NYT) фон дер Ляйеннің Covid-19 вакциналарының бірін жасаған Pfizer компаниясының басшысы Альберт Бурламен хат алмасқанын алға тартып, оның мәтініне қол жеткізуді талап етті. Газеттің хабарлауынша, олар 2021 жылы хат арқылы ЕО үшін 35 млрд еуроға вакцинаның 1,8 млрд дозасын сатып алу мәселесін талқылаған. Еурокомиссия басшысы Альберт Бурламен жасырын келіссөз жүргізіп, сатып алынған вакцинаның саны қажетті мөлшерден айтарлықтай асып кетуі мүмкін деп күдіктенді NYT. Еурокомиссия NYT-тің хат алмасу туралы өтінішін қабылдамады, сұралған құжаттардың жоқтығын айтқан соң, газет сотқа жүгінді.

2024 жылдың қарашасында Еуро­комиссия пандемия кезінде фон дер Ляйен мен Бурла арасындағы мәтіндік хабарламалар сақталмағанын ресми хабарлады. ЕК хат алмасуда вакциналарды сатып алу туралы келісімшарттың талаптары тал­қыланбаған деп сендірді. Алайда осы жылдың мамырында Еуропалық одақтың соты NYT-ті жақтап, Еурокомиссия жур­налистермен арадағы ашықтық ереже­ле­рін бұзды деген шешім қабылдады.

Бұған дейін бұл мәселеге пікір білдір­меген фон дер Ляйен вотумға қатысты өткен пікірталаста: «Келісілген әрбір келі­сім­шартты ЕО-ға мүше 27 мемлекет­тің әрқай­сысы қол қоймас бұрын жіті зерттеп, қа­рады. Мақұлдады. Ешқандай құпия, жасырын баптар болған жоқ», деп түсініктеме берді.

Сондай-ақ Урсула фон дер Ляйен вакцина өндірушілерімен өзі тікелей сөйлескенін мойындады.

«Мен вакцина шығаратын компания­лардың басшыларымен сол кезде сөйлес­кенім ешкімге құпия емес. Жетекші эпидемиолог, вирусологтермен де кеңестім. Вакциналарды сатып алу туралы келісім­шарттар Еуропаның мүдделеріне қайшы келеді деген айыптауларға негіз жоқ», деп қосты ЕК басшысы.

Бұған қоса 2023 жылы бельгиялық лоббист Фредерик Балдан да фон дер Ляйенге қарсы сотқа шағым түсірді. Оған негіз болған – осы вакцина сатып алудағы заң бұзушылық. Балдан айыптауына Венгрия мен Польшаның жеке тұлғала­ры, саяси партиялары мен мемлекеттік қызметкерлері де қосылды. Тергеуге Еуропалық прокуратура (EPPO) да араласты. Алайда жыл басында Бельгияның Льеж қаласының соты Балданның талап-арызын сол күйі қалдырды, себебі талапкер оның «жеке зардап шеккенін» дәлелдей алмады.

 

Қайраткердің саяси беделіне нұқсан келмейді

Сарапшылардың айтуынша, сенімсіз­дік вотумы Еурокомиссия басшысының беделіне айтарлықтай әсер етпейді. Бір жағынан Еуропарламенттегі күштердің қазіргі балансын ескере отырып, фон дер Ляйен мен оның командасының отставкаға кетуі екіталай. Өйткені өткен жылы еуропалық сайлаудың қорытындысы бойынша еуропашыл күштер фон дер Ляйеннің өзі кіретін Еуропа халықтық партиясы (EPP) және Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы (S&D) жеңіске жетті. Олар парламенттегі 324-орынды иеленіп отыр.

Оңшыл және әсіре оңшыл күштер 2024 жылы Еуропарламенттегі өкілдіктерін айтарлықтай арттырғанына қарамастан, олардың фон дер Ляйенді отставкаға кетуге мәжбүрлеуі табысты болмайды деген пікірде сарапшылар. Мәселен, Politico атап өткендей, центристер бұған мүдделі емес. Renew Europe (Еуропаны жаңарту) либералды фракциясы (77 депутат) да, «Жа­сыл­дар» (53-орын) да Еурокомиссияның та­ра­тылуына қарсы дауыс беруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Еуропалық саясатты зерттеу орталығының сарапшысы София Руссактың айтуынша, сенімсіздік вотумын беру әрекеті сәтсіз болып, фон дер Ляйенге айтарлықтай зиян тигізбейді. 2014 жылы Еурокомиссияның сол кездегі төрағасы Жан-Клод Юнкерге де қарсы сенімсіздік вотумы қолданылған және бұл ұсыныс Юнкерге ешқандай зиян келтірмегенін алға тартты Руссак Deutsche Welle (Неміс толқыны) арнасына берген сұхбатында.

Еуропалық ақпарат орталығының директоры Николай Топорнин де РБК сайтына берген сұхбатында қазіргі уақытта фон дер Ляйеннің орнын басатын ешкім жоқ, сондықтан оны орнынан тайдыру дұрыс шешім емес екенін айтады.

«Бұл сенімсіздік вотумы фон дер Ляйен мансабындағы жағымсыз бір эпизод ретінде қалары сөзсіз. Десе де қазір оның Еурокомиссия басшысы ретіндегі негізгі ұстанымына ештеңе әсер етіп отырған жоқ, ол әлі де сенімге ие», деп атап өтті Н.Топорнин.

Сарапшының айтуынша, Еуропар­ламент пен Еурокомиссия арасындағы келіс­пеушіліктер мезгіл-мезгілмен туын­дап отырады, бұл қалыпты жағдай, одан айтар­лықтай дау туындап кетуі екі­талай. Өйткені Еурокомиссия кейінгі кезде, кері­сінше, Еуропарламенттің заңды күші жоқ қарар­ларына мән бере бастады. Еурокомиссия өздерін отставкаға Еуропарламент депутаттары ғана жібере алатынын жақсы түсінеді, сондықтан олармен қайшылыққа түскісі келмейді.

Бұған қоса бұл фон дер Ляйеннің сыбай­лас жемқорлық жанжалына тап болуы бірінші рет емес: ол Германия­ның Қорғаныс министрі (2013–2019) қыз­ме­тін атқарған кезде де қаржы жым­қыр­ды деген күдікке ілінді. Осыған бай­ланыс­ты Еурокомиссияның басшысы лауазымында ол Бундестагтың арнайы комитетінде Қорғаныс министрлігі­­нің сыртқы консультанттармен миллион­да­ған долларлық келісімшарттар жасау қажеттілігін түсіндіре отырып, куә­лік беруге мәжбүр болды. Палата сонымен қатар департаментті сириялық босқындарды оңалту бағдарламасына қаражатты негізсіз бөлді деп айыптады: Бундесвер әрбір қатысушыға шамамен 23 мың еуро бөлген, ал аудиторлардың пікірінше, осыған ұқсас бағдарламалар бір қатысушыға небәрі 1 800 еуро жұм­саған. Алайда жанжал көп ұзамай басыл­ды. Spiegel порталының мәліметіне сүйенсек, Қорғаныс министрлігі оқиғаны жіті түсіндіруге ерекше қызығушылық танытпаған, ал фон дер Ляйен болса мансабы жоғарылап кете барды.

Еліміз бен Еуропа арасындағы байланысты айта кетер болсақ, екі ара­дағы кеңейтілген серіктестік және ынты­мақтастық жөніндегі келісім Қазақстан мен Еуропа одағының сан қырлы ықпал­дастығына негіз болып отыр. Бұл – энергетика, ірі инфрақұрылым және өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру, көлік-логистика желілерін кеңейту, сондай-ақ цифрлық инновация, озық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы серік­тестік.