Атырау тұрғындарын алаңдататып отырған түйткілдің бірі – атмосфералық ауаның ластануы. Жұтар ауасы жұпар емес өңірдің экологиясы әлі жақсарар емес. Табиғаттың тазалығына тағылық жасау әрекетінің көкейкесті мәселеге айналғанына бірнеше жылдың жүзі ауды.
Жол картасының орындалуы сын көтермейді
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, өнеркәсіп орындарында озық үлгілі технологиялар енгізіліп жатыр. Басты мақсат – атмосфералық ауаға, су ресурстарына, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару арқылы қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттарды азайту.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын қабылдаған. Жол картасында өңірдің негізгі экологиялық проблемалық мәселелері зерделеніп, бірінші кезекте шешуін қажет ететін жайттар айқындалған. Облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы 7 бөлімнен, 45 тармақтан тұрады. Осы кезге дейін 45 іс-шараның 9-ы толық көлемде орындалды. 7 іс-шара орындалу сатысында тұр. Орындалмаған 23 іс-шара, орындау мерзімі аяқталмаған 6 іс-шара бар», деді А.Жүсіпов.
Мәселен, атмосфераны ластаушы заттар эмиссиясын қысқартуға байланысты 7, көгалдандыруға қатысты 3, қалдықтарды басқару саласында 2 іс-шара орындалмаған. Бұдан бөлек, су ресурстарын реттеу бөлімінде 6, автокөлік шығарындыларын азайту жөніндегі 1, жер ресурстарын қорғау тапсырмасына байланысты 3 іс-шара әлі орындалмай отыр.
«Орындалу мерзімі былтыр өтіп кетсе де әлі толық шешімін таппаған бірнеше іс-шара бар. Біріншісі – Атырау қаласының оң жақ бөлігінде кәріз-тазарту қондырғыларын қалпына келтіру. Бұл жұмысқа облыстық құрылыс басқармасы жауапты болған. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіруді аяқтауды толық орындамады. Үшіншіден, «Квадрат» булану алаңы да әлі қалпына келтірілмеді. Оның орындалуына Атырау қалалық әкімдігі мен «Павлодар өзен порты» АҚ жауапты болатын. Төртіншіден, Атырау қаласындағы барлық кәріздік сорғы стансаларын қалпына келтіру аяқталмай тұр. Бұл іс-шараның жауапты орындаушылары – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Атырау қаласының әкімдігі, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК. Бесіншіден, қала әкімдігі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруді толық орындаған жоқ. Алтыншыдан, Махамбет, Жылыой, Құрманғазы ауданының әкімдіктері «Sat Trans Servicе», «Sta Profit Company», «Көлжан Ойл», «Норт Каспиан Ойл Девелопмент» компанияларының мұнай өнімдерімен ластанған жерлерді тазарту жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыруды толық орындамады», дейді А.Жүсіпов.
Бүгінде Жол картасының жаңа жобасын жасау жүргізіліп жатыр. Бұған бірнеше жайт себеп болған. Атап айтсақ, Су ресурстары комитеті Су ресурстары және ирригация министрлігіне, Балық шаруашылығы комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Геология комитеті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне берілген. Жол картасындағы кейбір іс-шаралар өзекті болмай қалған. Биыл Жол картасының мерзімі аяқталатыны ескерілген.
«Облыстың экологиялық мәселелерін шешу мақсатында Атырау облыстық мәслихаты «Атырау облысы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Іс-шара жоспарына «Атырау облысының қоршаған орта жағдайын және тұрғындарының денсаулығын кешенді бағалау, экологиялық жағдайды бағалау белгісі шеңберінде зерттеулер жүргізу, халық денсаулығына антропогендік факторлардың әсерін бағалау» іс-шаралары енгізілді», дейді департамент басшысы.
Қоршаған ортаны қандай компаниялар бүлдіреді?
Департамент басшысының мәліметінше, бірінші санаттағы 83 компания бар. Оның 50%-ы мұнай-газ өндіру секторында жұмыс істейді. Мұнай өңдеу, газ-химия секторындағы компаниялардың үлесі – 5%. Компаниялардың 15%-ы полигондар мен қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру саласында тіркелген. 21%-ы өндірістің басқа секторларына тиесілі. Eкінші санаттағы 30 кәсіпорынның 64 нысаны тіркеуге алынған. Үшінші санатта 113 нысан бар. Оған 64 компания иелік етеді.
«Былтыр ластаушы шығарындылардың нақты көлемі 117,8 мың тоннаны құрады. Бұл – 2021 жылғыдан 37,7 мың тоннаға (24%) аз. Ауа бассейнін ластайтын шығарындылардың негізгі үлесін бірінші санаттағы ірі компаниялар (90%) құрап отыр. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің үлесі – 142,957 мың тонна. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясында 61,506 мың, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-да 11,480 мың, «Атырау МӨЗ» ЖШС-де 11,480 мың тонна болды», деді А.Жүсіпов.
Жергілікті экологтер 5 айда шаруашылық жүргізуші субъектілерге 16 бақылау, жоспардан тыс 10, заңда көзделген талаптарға сәйкестігіне 1 тексеру жүргізді. Тексерулер нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 38 фактісі анықталды. Қоршаған ортаны қорғау заңдылығын бұзғандарға 8 нұсқама беріліп, 916 858 мың теңгеге 86 әкімшілік айыппұлы салынды. Сот шешімімен шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы 2 талап-арыз қанағаттандырылды.
Департамент басшысы жұртшылық арасында резонас тудырған бірнеше деректі алға тартты. Бір қызығы, қоршаған ортаның тазалығына нұқсан келтіргендер – мұнай-газ өнеркәсібінің компаниялары.
Айталық, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған кен орнында бұрғылау шламы тасымалдау кезінде топыраққа төгілген. Соның салдарынан жер бүлінді. Осы дерекке қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тапсырыс беруші «Ембімұнайгаз» АҚ-на 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мердігер «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-не салынған айыппұл көлемі – 3 932 мың теңге. Сондай-ақ субмердігерлік қызметті атқарған «Эко-Техникс» ЖШС-не де 589 800 теңге айыппұл салынған.
Екінші дерек те «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қызметімен байланысты. Компанияның «Жылыоймұнайгаз» басқармасына тиесілі «Батыс Прорва» кен орнындағы №437 ұңғымада газ атқылады. Ұңғыма Жылыой ауданында орналасқан. Жоспардан тыс тексеру кезінде мұнда тиісті өндірістік экологиялық бақылау жүргізілмегені анықталды. Сол себепті, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 325-баптарына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, қаралып жатыр. Әзірге жерді бүлдіру дерегіне қатысты қысқартылған түрде 1 966 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілді.
«Karabatan Utility Solutions» ЖШС мен мердігері «IDOS Services» жеке кәсіпкерлігіне вакуум автокөліктерімен белгісіз сұйықтықты арнайы белгіленбеген орындарға төгу, жерді бүлдіру дерегі жөнінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-не 1 081 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қоса жерді бүлдіру дерегіне қатысты Қылмыстық кодексте көзделген процессуалды шешім қабылдау үшін тиісті құжаттар полиция органына жолданыпты.
«ANACO» ЖШС тарапынан ластаушы шығарындыларды экологиялық рұқсатсыз шығару дерегі анықталып отыр. Соған байланысты компанияға 897 024 322 теңгенің айыппұлы салынған еді. Компания бұл шешіммен келіспей, сот инстанцияларына шағым түсірді. Алайда соттардың қаулыларымен айыппұл сомасы өзгерген жоқ.
«Қожан» АҚ-ның «Морское» кен орнындағы №56 ұңғымасында экологиялық заңнамалар сақталмай, апаттық жағдай туындады. Бұған да жоспардан тыс тексеріс жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Неге екені белгісіз, «Қожан» АҚ апатты тиісті органдарға уақытында хабарламаған. Осыған байланысты компаниядан 393 200 теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ апаттық шығарындыларды рұқсатсыз шығаруға қатысты қосымша 979 778 теңге айыппұл салынған.
Күкірттен де қауіп мол
Каспий теңізінің отандық секторындағы «Қашаған» кен орнынан өндірілген мұнай «Болашақ» қондырғысында газ бен күкірттен тазартылады. Қондырғы аумағында күкірт тау секілді жинаулы тұр. «Болашақ» мұнай-газ дайындау қондырғысы Мақат ауданы аумағында орналасқан. Қарабатан елді мекені тұсындағы қондырғы мен Атырау қаласының аралығы – шамамен 35 шақырым. Биыл мамыр айында әлеуметтік желі мен телеарналарда «Болашақ» қондырғысының аумағында күкірттің жинаулы тұрғаны жөнінде дерек тарады. Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен облыстық экология департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік.
«Экологиялық инспекция 2022 жылы «North Caspian Operating Company N.V.» (NCOC) компаниясының жерүсті кешенін тексеру нәтижелері бойынша бірнеше бұзушылықты анықтады. Біріншіден, рұқсат етілген 730 тонна күкірттің орнына 1,7 млн тонна күкірт орналастырылған. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғау шаралары орындалмаған. Үшіншіден, экологиялық рұқсатсыз сарқын суларды ағызған. Төртіншіден, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар сақталмаған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Алайда NCOC компаниясы тексеру нәтижелерімен келіспей, Астана қалалық сотына шағым түсірген екен. Сот компанияның талап арызын ішінара қанағаттандырып, ұйғарымдағы 10 тармақтың 3-еуін ғана заңсыз деп таныған.
«Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 27 ақпанда экология департаментінің шағымын толығымен қанағаттандырды. Табиғат қорғау инспекторлары ұйғарымының барлық тармағы заңды деп танылды. NCOC аталған сот қаулысына қатысты кассациялық шағым түсірді. Қазір бұл шағым Жоғарғы сотта қаралып жатыр», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Атырау облысы