• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Өздерін комитет қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардан сақ болыңыз - ҰҚК

10 рет
көрсетілді

Қазақстанда алаяқтардың жаңа түрі белең алып келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз атынан заңсыз әрекет етіп жүрген белгісіз тұлғаларға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Комитеттің мәліметінше, алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өзін ҰҚК немесе басқа да мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырады. Олар жалған мәлімет беріп, азаматтың банк шотында күмәнді операциялар тіркелгенін немесе «тергеу ісі жүріп жатқанын» хабарлайды. Кей жағдайда, «терроризмнің жолын кесу үшін» деп, шұғыл әрекет етуді талап етеді.

«Жеке жағдайларда алаяқтар ұлттық қауіпсіздікке деген болжамды қауіп-қатерді негізге ала отырып, терроризм әрекетін тоқтату үшін әрекет қажет деп мәлімдейді. Шынайылық үшін жалған куәліктерді (мысалы, мессенджердегі бейне қоңыраулар арқылы) көрсетеді немесе ҰҚК логотипі бар жалған құжаттарды жібереді. Әңгіме барысында олар азаматтарды ақшаларына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, қорғаныш немесе тексеру үшін қаражатты қауіпсіз шотқа аударуды ұсынады. Кейде оларға жинақтарын құтқару үшін несие алуға кеңес беріледі, содан кейін ақша қылмыскерлер бақылайтын шоттарға аударылады», делінген хабарламада.

Алаяқтар мұнымен тоқтап қалмай, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық мәселелерді шешіп беру сияқты «қызметтерін» ақылы түрде ұсынып, тағы бір алаяқтық тәсілін қолданып жүр.

ҰҚК бұл әрекеттердің ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) және 385-бабы (Жалған құжаттарды жасау және пайдалану) бойынша қылмыс екенін ескертеді.

Комитет өкілдері құқық қорғау органдары ешқашан азаматтарға телефон арқылы хабарласып, шоттарға ақша аударуды талап етпейтінін ресми түрде мәлімдеді. Террористік қауіп деген сылтаумен жасалатын мұндай ұсыныстардың бәрі алаяқтардың әрекеті.