• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кино Кеше

«Шатырдағы екеу» фильмі халықаралық фестивальде арнайы жүлдеге ие болды

10 рет
көрсетілді

Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ресейдің Ярославль қаласында өткен «В кругу семьи» халықаралық кинофестивалі аясында қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Картина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фильм ұлттық болмысы, мазмұн тереңдігі және әлеуметтік тақырыпты көтеруі арқылы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған.

Айта кетейік, шығарма режиссер Гүлшат Смағұлованың режиссер ретіндегі дебюті саналады. Сюжет тағдыры ауыр жас жігіт Дамир мен аутизмге шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы ерекше достықты баяндайды. Картина инклюзия мәселесін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамға бейімделуі мен оларды қабылдау тақырыбын қозғайды.

Фестиваль аясында фильмді оның түпнұсқа музыкасының авторы, композитор Виктор Сологуб таныстырған. Ол марапатты бүкіл шығармашылық топтың атынан қабылдап, көрерменге толқынысын жеткізді. Сонымен қатар, бұл туынды ерекше балалардың ішкі жан дүниесін тереңірек түсінуге және оларды қоғамға жақындатуға көмектесетінін атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылғы «В кругу семьи» кинофестивалі рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл ұйымдастырушыларға 121 елден 2500-ден астам фильмге өтінім келіп түскен. Олардың арасында Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Италия, Үндістан, Иран, Мексика, Солтүстік Македония елдерінің туындылары бар. Алғаш рет байқауға Эфиопия мен Сенегалдан да фильмдер ұсынылған. Фестивальдің негізгі бағдарламасына 36 елден келген толықметражды және қысқаметражды туындылар енді.

«Шатырдағы екеу» фильмі бұған дейін де бірнеше халықаралық марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, Ханты-Мансийск қаласында өткен XXIII халықаралық кино-дебюттар фестивалінде «Душа России. Мировое кино» номинациясын жеңіп алған болатын. Сондай-ақ Үндістанда өткен «Золотой лев» халықаралық кинофестивалі аясында «Үздік халықаралық толықметражды фильм» және «Дебюттік фильм үшін үздік режиссура» аталымдарында жеңіске жеткен. Сонымен қатар, Мәскеуде ұйымдастырылған Fashion Film Festival фестивалінде бірден тоғыз жүлдеге ие болды.

Фильмнің түсірілім жұмыстары 2025 жылдың көктемінде Алматы қаласы мен Талғар ауданында өткен. Көркем туынды қазақ және орыс тілдерінде түсіріліп, 2024 жылы прокатқа шыққан.