• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:30

Қытай және Өзбекстан шекарасында төрт жаңа кеден бекеті іске қосылды

20 рет
көрсетілді

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында Қаржы министрлігі шекарадағы кеден инфрақұрылымын жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан бағыттарында тоғыз өткізу пунктін жаңғырту жобасы қолға алынған, деп жазады Egemen.kz.

Осы жылдың басынан бері төрт бірдей заманауи өткізу бекеті пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қытаймен шекарада – «Қалжат» пен «Алакөл», ал Өзбекстанмен шекарада – «Капланбек» пен «Атамекен» өткізу пункттері жаңартылған. Жыл соңына дейін тағы бес бекетті – «Қазығұрт», «Тажен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты» өткізу бекеттерін жаңғырту аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бекеттер халықаралық талаптарға сай жаңа технологиялармен жабдықталған. Көліктерді сканерлеу, автоматты тексеру және өлшеу құрылғылары толық орнатылған. Сонымен қатар, жаңа үлгідегі бақылау жүйелері жүргізушілердің көліктен түспей-ақ бақылаудан өтуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуға жол ашып отыр.

Өткізу бекеттерінің жаңа үлгісінде «бір терезе» қағидасына негізделген бірізді технологиялық дәліз іске қосылған. Бұл жүйе барлық бақылау түрлерін қосымша тоқтаусыз бір жерден өткізуге мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігі бекеттерді жаңғыртумен қатар, кеден рәсімдерін автоматтандыру мен цифрландыру бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр. 2023 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы барлық автокөлік өткізу бекеттерінде «CarGoRuqsat» электронды кезек жүйесі енгізілді. Бұл көлік кептелісін азайтып, жүк тасымалдау үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттырды.

Бүгінде 76 бизнес-процесс оңтайландырылып, көлік құралдарының өткізу уақытын үш есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Үш автохаб пен бір көлік-логистикалық орталық іске қосылды. «Нұр жолы» өткізу пункті тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылып, «Алакөл» мен «Майқапшағай» бекеттерінің жұмыс уақыты ұлғайтылды.

2024 жылдан бастап «Кеден» атты бірыңғай цифрлық платформа кезең-кезеңімен енгізілуде. Оның 20 модулінің 13-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Электронды декларациялау, форматты-логикалық бақылау жүйесі енгізіліп, «Қорғас» халықаралық орталығында тауарларды есепке алу толығымен цифрландырылды. Қызметтердің біріктірілген бақылауы автоматтандырылып, транзит рәсімдері жеделдетілді, кедендік қызметтермен өзара әрекеттесу онлайн-форматқа көшірілді.

Нәтижесінде 2022 жылы 640 мың көлік құралы өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,4 миллионға жетті. Жаңғырту жұмыстары еліміздің шекарадағы экономикалық белсенділігін арттырып, тауар айналымының ашықтығы мен жылдамдығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.