Қонаев қаласында ел игілігіне арналған тағы бір нысан жаңғыртылды. Аумағы 2,1 гектарды алып жатқан спорт аймағы 2017 жылы салынған. Алайда, бұған дейін ешқандай жөндеу көрмеген. Биыл нысан тұрғындар талабына сай жаңартылды, деп жазады Egemen.kz.
Аталған аумақта жағажай волейболы мен футболға арналған алаңдармен қатар, үстел ойындарына лайықталған орындар – тоғызқұмалақ пен шахмат үстелдері, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын және воркаут алаңдары орнатылған.
Ең көңіл қуантары – аумақтың ұлттық нақышта безендірілуі. Тротуар тастары қазақы оюлармен көмкеріліп, кіреберіс тұсқа халқымыздың көне ұлттық ойыны — алтыбақан қойылған. Алаң ортасына кеседен төгілген ақ сүт іспетті гүл композициясы орналастырылып, раушан гүлдері егілген. Айнала түгел көгалдандырылған. Жөндеу жұмыстарын ШЖҚ «Қонаев Көркейту» МКК жүргізді.
«Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – басты мақсатымыз. Жағажай спорт алаңының дәл жанында Кроссфит алаңы бар. Қазірдің өзінде бұл аумақ күнделікті таңғы және кешкі мезгілде қала тұрғындарының ең сүйікті орнына айналды. Алдағы уақытта да қоғамдық орындарды абаттандыру жалғасады», – деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.
Ал қала тұрғыны Айдос Ескелдінов жаңа нысандардың пайда болып жатқанына өз ойын білдірді.
«Кешкі уақытта достарымызбен келіп, футбол ойнаймыз. Алаң өте жақсы салынған. Көңілімізден шықты. Спорт – денсаулық кепілі болғандықтан, халыққа пайдалы нысандар салынып жатқанына қуаныштымыз», – деді ол.
Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтардың жайлылығы үшін Қонаевта жаңа сквер салынуда.
Алматы облысы.