Бүгін Мәжіліс депутаты Данабек Исабек жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» мекемесінде болып, орталық жұмысымен танысты. Аталған мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында құрылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
2023 жылы 1 қарашада жұмысын бастаған аталған орталық – зейнеткерлерге қысқа мерзімдегі демалу мен ем алу мүмкіндігін ұсынатын арнайы мекеме. Алғашында 70 орынға есептелгенімен, бүгінде бір мезетте жолдамамен келген 120 зейнеткерді қабылдай алады.
Депутат Данабек Исабек мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, қариялардың хал-жағдайын сұрады.
«Мұнда қариялар үшін барлық жағдай жасалған. Медициналық көмек, мәдени-танымдық іс-шаралар, күнделікті тұрмысқа қажетті қолдау бәрі ойластырылған. Мұндай орталықтар қарттарымыздың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де кеңінен тарату қажет. Қарияға құрмет – ұрпаққа өнеге. Бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым мемлекет назарында болуы тиіс», деді депутат Д.Исабек.
Мекеме басшылығының айтуынша, демалушыларға күніне 4 мезгіл ыстық тағам ұсынылады. Мекеме ғимаратының жалпы аумағы – 3 699,9 шаршы метр. Таза ауада серуендеуге арналған аула, көгалдандырылған алаңдар, орындықтар, су бұрқақ және шағын саябақ қарастырылған. Бұл қариялардың тынығуы мен психологиялық демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мекемеде демалушылар медициналық және әлеуметтік қызметпен толық қамтылған. Дәрігер қабылдауынан өтіп, денсаулығына қарай арнайы емдік шаралардан өткен әр зейнеткер орталықтың қызметіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, баталарын беріп жүр.
Айта кетелік, «Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу процесі толық цифрландырылған. Зейнеткерлер geo-shym.kz порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен тіркеліп, онлайн өтінім бере алады. Өтініш бергеннен кейін кезек ретін де электронды жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік бар.