• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 11:43

Тайвань соғысқа дайындалып жатыр

30 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні Тайвань аумағында жыл сайын өтетін «Хань Куанг» әскери жаттығулары басталды. Биылғы оқу-жаттығу 10 күнге созылады. Бұл әдеттегіден екі есе ұзақ мерзім. Оған 20 мыңнан астам резервист пен азаматтық тұлғалар тартылған, деп жазады Egemen.kz.

Жаттығудың негізгі мақсаты – тұрғындар мен армияны Қытай тарапынан төнуі мүмкін шабуылға дайын болуға баулу. Сонымен қатар бұл шара Тайваньның қорғаныс қабілетін паш етіп, Бейжіңге нақты ескерту сигналын беруге бағытталған.

Тайбэй үкіметіне қарасты Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік институтының сарапшысы Чье Чунь: «Биылғы жаттығу жоспары Қытай шабуылы жағдайында орын алуы ықтимал шынайы сценарийлерді көбірек қамтиды. Бұл – ұзақмерзімді қарсы тұру мен азаматтық тұрақтылықты күшейтуге бағытталған шара»,  деп мәлімдеді.

Тайваньның қазіргі президенті Лай Чин-тэ Қытай тарапынан болуы мүмкін әскери қауіпке қарсы дайындықты басты басымдық ретінде белгілеген. Ол соңғы аптада бірнеше үндеу жасап, жұртты ұлттық бірлікке шақырды. Бұған Бейжің наразылық білдірді. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Лай Чин-тэ азаматтық қорғаныс комитетінің алғашқы отырысын өткізіп, кез келген төтенше жағдай кезінде аралдың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін алға тартқан болатын.

Қытай Тайваньды өзінің бөлінген аумағы санап, оны күштеп болса да «қайта біріктіреміз» деп мәлімдеп келеді. Бұл айтылған сөздер Тайваньға қатысты жағдайды қиындатып жатыр. Сол себепті АҚШ қатысуы мүмкін үлкен соғыс басталып кете ме деген қауіп бар.