Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 адамдық бір отбасы жылына 35 мың литр суды үнемдеуге үндейтін нұсқаулық әзірледі, деп жазады Egemen.kz.
Жалпы көпшілікке бағытталған ұсыныстарды тұрмыста ұстану - су тапшылығының алдын алуға айтарлықтай көмек.
Ведомство ұсынысында мынадай әдістер бар:
Кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық жүктемемен пайдалану, тісті жуғанда кранды жауып, суды арнайы ыдысқа құйып пайдалану, ванна қабылдаудың орнына қысқа душ қабылдау, көкөніс пен жемістерді ыдыстағы сумен жуу, автоматты сенсорлы крандарды қолдану, унитаздарға екі деңгейлі су жіберу жүйесін орнату; су ағынын реттейтін арнайы саптамалар (аэраторлар) пайдалану; сондай-ақ крандардағы ақауларды үнемі бақылап, судың ағуын дер кезінде жою.
Енді осы кеңестер ел аумағында арнайы баннерлерге жазылып, насихатталмақ. Министрлік баннерлерді жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Қазақстанның барлық өңіріндегі көшелерде, білім беру мекемелерінде, теміржол вокзалдарында, әуежайларда және басқа да қоғамдық орындарда орналастыруды көздеп отыр.
«Біз тұрмыста суды үнемдеудің маңызын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді. Әрбір азамат елдің су ресурстарын сақтауға үлес қоса алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар суды үнемдеу – оңай әрі тиімді екенін көрсетіп отыр. Енді біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бұл қарапайым тәсілдер туралы Қазақстанның барлық өңіріне жеткізгіміз келеді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.