• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:05

Бердібек музейі жаңғырды

30 рет
көрсетілді

Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының 2005 жылғы түлектері қазақ әдебиеті классигі атындағы музейдің ашылуына ұйытқы болды.

«Түлектеріміз Тәңіртау етегінде дүниеге келген біртуар жазушы Бердібек Соқ­пақбаев атындағы му­зей­ді жабдықтап берді. Іс-ша­ра­ға мектепте 40 жылдан астам еңбек еткен ардагер ұстаз­дар шақырылды. Бұл музей – мектеп қана емес, ­аудан оқушыларына жасалған үлкен сый. Ауданға келген қонақ­тар жазушы атындағы мек­теп­ішілік музейден Бер­ді­бек атамыздың кітаптары һәм тұтын­ған зат­тарымен таныса алады», дейді Бердібек Соқпақ­баев атындағы орта мектеп-гимназияның директоры Гүлмира Төлегенова.

Мектеп мақтаныш­та­ры­ның көшбасында 2023–2024 жылғы түлегі, Алтын белгі иегері, Азияның үш дүркін чемпионы Толғанай Қасымханның тұрары анық. Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Толғанай Қасым­ханның құрметіне музейден арнайы бұрыш ашылған.

«Ауданымыздың ға­на емес, еліміздің атын әйгі­ле­ген былғары қолғап ше­бері, жас боксшы қызы­мыз Толғанай да осы ауыл­да туып-өскен. Мектепті Алтын белгіге бітіріп, бүгін­де Алматыдағы спорт және туризм академиясында білім алуда. Толғанайдың жетістігін мақтан етумен қатар, оқушылардың ынта-ықыласы артсын деп музей­дің бір бұрышын арнап қой­дық. Кезінде Бердібек ата­мыздың «Жекпе-жек» кітабын оқып, қанаттанған қызы­мыздың спорттағы әр қадамы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», дейді мектеп басшысы.

Екі жыл бұрын «Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына қатысқан бұл мектепке «Қазақстан халқына қорынан» 250 млн теңге бөлініп, мектеп­тің ма­­те­­риалдық-техникалық ба­за­сы толығымен жабдық­талған. Оның ішінде химия, биология, физика, гео­гра­фия кабинеттері ­жа­сақ­­талып, лаборато­рия­мен қамтылған. Әрбір ­кабинетке интерактивті панель­дер, заманауи компьютерлер қойылған. Бұл оқушылардың білімін арттырып, оқу сапасын көтеруге айрықша ықпал етері анық.

 

Алматы облысы