Бүгін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев Ақтөбе қаласындағы 300 орындық жаңа мектеп құрылысымен танысты. Бұл білім беру мекемесі «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы аясында салынып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, жоба аясында 11 400 оқушыға арналған 14 мектеп салынады. Оның ішінде 2 мектеп былтыр пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін тағы 3200 орынға арналған 4 мектеп қолданысқа беріледі. Соның бірі – Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатқан 300 орындық білім ордасы. Бұл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.
«Оқушы орындарының тапшылығын жою – партия бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Бұл мектеп №50 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар заманауи білім беру мекемесі соңғы технологиялармен жабдықталып, балалардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жыл соңына дейін үш ауысыммен оқыту мәселесі түбегейлі шешіледі», деді Қ.Әлішев.
Айта кетейік, мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаның жалпы құны 3,53 млрд теңге, ғимараттың ауданы 6 мың шаршы метрден асады.
Сонымен қатар нысанды аралау барысында депутат мектептің химия пәні кабинеттерінің жабдықталуына байланысты ескерту жасаған.
«Балалар лабороториялық жұмыс жасаған кезде зиянды заттармен улану қаупінен сақтану үшін химия пәні кабинетінде ауа сорғыш құрылғылары көп болуы керек. Егер ол санитарлық-эпидемиологиялық бақылау талаптарында болмаса, біз заңға өзгерістер енгізуге дайынбыз», деді ол.
Сапар барысында Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» шекара бекетінің жұмысымен де танысты. Бұдан бөлек, Мәртөк ауылында салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысын аралады. Бұл нысан да партияның Жол картасына сәйкес биыл пайдалануға берілуі тиіс.
Сондай-ақ депутат Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, спорт кешені, мектеп, жазғы футбол алаңы және жол құрылысы сынды маңызды мәселелерді талқылады. Кездесуде сұйытылған газ тапшылығы мен оны жеткізу мәселесі де көтерілді.