• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Қант диабеті бар қуыршақ

10 рет
көрсетілді

Mattel компаниясы алғаш рет 1-типтегі қант диабеті диагнозы бар Барби қуыршағын таныстырды. Бұл тек ойыншық қана емес, балалар бойында жанашырлық пен өзгелерді түсіне білу қабілетін дамытуды көздейтін маңызды бастама. Сонымен қатар, аталған қуыршақ ауруымен күнделікті өмір сүріп жүрген балаларға өздерін сенімді әрі жайлы сезінуге сеп болады, деп жазады Egemen.kz.

Қуыршақтың білегінде қандағы қант мөлшерін үздіксіз бақылауға арналған CGM құрылғысы (континуалды глюкоза мониторингі) орнатылған. Ал белінде – инсулинді автоматты түрде енгізетін арнайы инсулин енгізетін құрылғы бар. Мұндай құрылғылар қант диабетінің 1-типімен ауыратын балалардың өмірінде жиі кездеседі. Дегенмен қуыршақтың өзі биологиялық тұрғыдан ешқандай нақты қызмет атқармайды, яғни қуыршақтың ішінде қан жоқ, құрылғылар тек сыртқы пішінімен бейнеленген.

Mattel бұл үлгіні Breakthrough T1D халықаралық ұйымымен бірлесе әзірледі. Ұйым 1-типті диабетке шалдыққан жандарды қолдаумен айналысады. Компания өкілдері бұл бастама арқылы өзіндік ерекшелігі бар балалардың ойыннан өз бейнесін көруіне мүмкіндік беріп, оларды жалғыз емес екеніне сендіргісі келеді.

Жаңа Барбидің киімі – көк түсті жейде пен бұршақты белдемше – диабет жайлы халықаралық ақпараттандыру қозғалысының символикасына негізделген. Сонымен бірге, Mattel компаниясы танымал модель Кейт Мостың қызы, 12 жасында қант диабеті анықталған Лила Мостың бейнесіндегі қуыршақты да ұсынды.

Mattel соңғы жылдары Барби сериясын әртараптандыруға ерекше назар аударып келеді. Бұған дейін компания дене бітімі әртүрлі, бойы аласа не ұзын, көру қабілеті төмен, сондай-ақ Даун синдромы бар кейіпкерлерді ойын әлеміне енгізген болатын.