• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 17:20

Аптап ыстықтан екі мыңнан аса адам қайтыс болды

20 рет
көрсетілді

Соңғы апталарда Еуропа құрлығы аптап ыстықты бастан кешіп жатыр. Лондондағы Империялық колледж зерттеушілері таратқан мәліметке сүйенсек, күннің күрт ысуынан небәрі екі аптаның ішінде 2300-ге жуық адам қайтыс болған, деп жазады Egemen.kz.

Ғалымдар өлім-жітімнің 12 ірі қалада тіркелгенін айтады. Олардың қатарында Милан, Париж, Барселона мен Лондон секілді мегаполистер бар. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – денсаулығы әлсіреген, жасы ұлғайған азаматтар. Әсіресе 65 жастан асқан қариялар арасында қатты ыстықтың салдары ауыр тиген.

Маусым айынан бері Еуропаның бірқатар өңірінде ауа температурасы 40 градустан төмендемей тұр. Мамандар бұл құбылысты жаһандық климаттың өзгеруімен, ормандардың сиреуімен және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланыстырады. Ағаштарды бейберекет кесу, жасыл желектің азаюы мен зиянды қалдықтардың көбеюі – адамзат баласының өз қолымен жасап отырған қатерінің бір парасы ғана.

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан жағдайды еңсеру үшін ірі қалаларда көгалдандыру жұмысын жүйелі түрде жүргізіп, ауаға таралатын зиянды қалдықтарды шектеу қажет. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынған деректер де көңіл көншітпейді. Халықаралық ұйымның мәліметіне қарағанда, Еуропада аптап ыстықтың салдарынан жыл сайын 175 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бұл әзірге – табиғатпен тіл табыса алмаған адамзаттың өзіне өзі төндірген қауіптің нақты көрінісі.