• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Үйлесімді жұмыс ілгерілеуге бастайды

20 рет
көрсетілді

Өңір халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған сенаторлар ауыл-аймақтың тұрақты дамуына кешенді тәсіл қажет екенін алға тартты.

Сенаторлар Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облы­сындағы Жаңаөзен қаласы мен Түпқа­раған ауданында болып, өңірлердегі әлеу­меттік, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысты. Олар ENI және «ҚазМұнайГаз» компа­нияларының бірлескен жобасы – қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысын көрді. Бұл жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ мен жаңа газ өңдеу зауытын тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Депутаттар сонымен қатар «Tenge Oil & Gas» ЖШС-нің өндірістік алаңдарында болып, газды қайта өңдеуді арттыру жоспарымен танысты.

Сондай-ақ сенаторлар Түпқараған ауданында сумен қамту, спорт және білім беру нысандарын аралады. Олар Қызыл­өзен ауылында ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су тарту торабының жұмысын көрді. Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр теңіз суын тұщытатын жаңа станса жұмыс істейді. Құрылысы аяқталған бұл нысан Баутин және Аташ елдімекендерін сумен қамтамасыз етеді.

Ал депутат Алтынбек Нұхұлы Павло­дар қаласында кітапхана саласы мен өңірдің индустриялық әлеуетін дамыту мәсе­леле­ріне арналған бірқатар кездесу өткізді. Ол кітапханашыларды әлеуметтік қолдау, жала­қыны көтеру және «Кітапхана ісі туралы» заңды әзірлеу жөніндегі ұсыныстар туралы айтты.

«Кітапхана – тек кітап сақталатын мекеме емес. Бұл ұлттың ойын қалыптастыратын рухани және интеллектуалды даму орта­лықтары. Мықты кітапхана жүйесі болмайынша сапалы білім, мәдени сабақтастық және саналы жастарды тәрбиелеу туралы айту мүмкін емес. Біз кітапханашыларға, оның ішінде заңнамалық тетіктер мен әлеуметтік қолдау арқылы лайықты жағдай жасауға міндеттіміз», деп атап өтті сенатор.

Депутат кітапхана қорын қолдау ретінде мекемеге 20 кітабын тапсырды, сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың бұрын сыйға тартылған 10 томдық еңбегін цифрландыру және электрондық нұсқасын кітапханаға беру туралы меморандум жасасу қажеттігін айтты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде болды. Ол энергетика және байланыс саласының болашақ мамандарына диплом табыстау рәсіміне қатысты.

Нұртөре Жүсіп түлектер алдында сөй­леген сөзінде энергетика және телекоммуникация бүкіл экономиканың жұмысын қамтамасыз ететін базалық саланың бірі екенін атап өтті. Жеделдетілген цифрлан­дыру, «жасыл» энергетиканы дамыту, смарт-технологияны енгізу және энер­гетикаға қажеттілік өскен жағдайда елімізге техникалық сауатты, инновациялық тұрғыда ойлайтын, қазіргі заманның қауіп-қатеріне бейімделген өмірлік маңызы бар жаңа буын инженерлері қажет.

«Әрбір түлек – болашақ «ақылды» же­ліні әзірлеуші, жаңартылатын энергия кө­зіне негізделген жүйелерді жобалаушы, стра­тегиялық маңызды инфрақұ­рылымның киберқауіпсіздігі бойынша сарапшы. Олардың білімі мен дағдысы өнеркәсіпті дамытудың, экономиканы цифрландырудың, энергияның тиімділігі мен тұрақтылығын арттырудың қозғаушы күшіне айналады. АЭжБУ шалғай және стратегиялық маңызы бар өңірлерді дамытуды қолдап келеді, негізгі мемлекеттік бас­тамаларды іске асыру үшін кәсіби кадрларды қалыптастырады», деді сенатор.

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақ­стан облыстық мәслихатының кезекті 22-отырысына қатысты. Онда сөз сөйлеген депутат Сенат депутаттары мен жергілікті мәслихат өкілдерінің тиімді өзара іс-қимы­лының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл орталық пен өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға, аумақтардың тұрақты және теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін түрлі деңгейдегі басқару органдарының үйлесімді жұмысы.

«Тұрақты диалогсіз және халықпен кері байланыссыз күшті өкілді билік мүмкін емес. Сенат басқалармен қатар, жергілікті жерлерден түскен өтініштер негізінде қалып­тасатын заң шығару бастамаларымен белсенді жұмыс істеп жатыр», деді О.Булавкина.