• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Парламент Кеше

ШҚТУ автоөнеркәсіптегі ғылыми әзірлемелер орталығына айналуға тиіс - Ерлан Қошанов

30 рет
көрсетілді

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Шығыс Қазақстан облысына депутаттарды бастап барды. Ол өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысан мен кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кездесулерге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс Спикері сапарын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барудан бастап, «Лу Бань шеберханасы» деп аталатын бірегей оқу орталығының жұмысымен танысты. Мұнда студенттер озық автомобиль технологияларын зерттейді, соның ішінде электромобильдерді жөндеу және пайдалану, көлік ағынын басқарудың цифрлық шешімдерін енгізу бойынша білім алады. Аталған шеберхана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2023 жылғы мамырда Сианда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті барысында қол жеткізген уағдаластықтары аясында ашылды.

«Лу Бань шеберханасы» арқылы біз әлемдік технологияларды елге әкеліп, жастарды болашақ техникалық жоғары кәсіби мамандықтарға даярлаймыз. Мұнда оқыған түлек – ертеңгі күні өндіріс орнында дайын инженер, автосервис маманы, механика саласының шебері болып шығады. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Еңбек адамы – экономиканың басты тірегі» деген сөзінің іс жүзінде орындалуы. Міне, Өскемен қаласында ашылған «Лу Бань шеберханасы» – осы стратегиялық бағыттың нақты жемісі», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Спикері мұндай шеберхана жұмысы әлемнің ең ірі экономикасына айналған көршілес Қытаймен білім саласындағы жоғары деңгейдегі серіктестіктің үлгісі екенін айтты. Екінші шеберхана биыл күзде Астанада, үшіншісі Алматыда ашылады.

Шеберхана шетелдік жоғары оқу орнының өкілдігі мәртебесінде жұмыс істейді және ҚХР Тяньцзинь кәсіби институтымен бірлескен жоба саналады. Мұнда Қазақстанның және өзге де 12 елдің 400-ден астам студенті көлік техникасымен, электромобильдермен, гибридті қондырғылармен, цифрлық платформалармен және жасанды интеллектпен байланысты бағдарламалар бойынша білім алады. Дайындық бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі барлық деңгейде жүргізіледі, ал оқытушылар жыл сайын Тяньцзиньде тағылымдамадан өтеді.

Шеберханада бес заманауи зертхана, соның ішінде бензин, гибридті және электр көліктерін диагностикалауға арналған кешен, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйелерін модельдеу және сынау зертханалары бар. Студенттер Haval және BYD автомобильдері бойынша білім алады, қозғалысты автономды басқару жүйесі бар «ақылды қала» макеттерін пайдаланады және Allur отандық автоконцерні негізінде дуалды оқудан өтеді.

Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылы тамызда іске қосылатын «Smart Driving Technology» инжиниринг орталығының жобасын таныстырды. Орталық автопилоттау, жасанды интеллект және телематика жүйелерін әзірлеумен және тестілеумен айналысады. Зерттеулерден бөлек, мұнда отандық Allur, Astana Motors компанияларының инженерлері мен әзірлеушілеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын, тренингтер өткізу жоспарлануда. Жаңа орталық интеллектуалды көлікті дамыту саласындағы еліміздің ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтады.

Бұдан соң, Ерлан Қошанов атом электр стансаларына арналған жылу бөлгіш құрастырмалар өндіретін Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын – «Үлбі ТВС» ЖШС-не барды. Бұл – бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны. Зауыт жылына 200 тонна уран отынын өндіруге қауқарлы. Ол алты энергоблок үшін толық жеткілікті. Кәсіпорын француз және қытай компанияларында халықаралық сертификаттаудан өтіп, Қазақстанның ядролық саласының стратегиялық нысаны ретінде танылды. Бүгінде зауытта 200-ге жуық адам, соның ішінде жоғары білікті қазақстандық инженерлер жұмыс істейді. Зауыт Қазақстанда салынып жатқан атом электр стансаларын ядролық отынмен толық қамтамасыз ете алады және отандық ядролық кластердің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Сапар «Алтай» көтерме-тарату орталығында түйінделді. Бұл кешен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған. Мұнда 45 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Орталықтың жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатыр. Құны 30 млрд теңгеден асатын жоба шаруаларды қолдау және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылды. Бұл ретте, аталған орталық аумағында цехтар салынды. Онда еттен жасалатын жартылай фабрикаттар, кондитерлік заттар өндіріледі, сондай-ақ бал құю процесі жүреді. Орталық 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Осы нысан арқылы жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ірі көлемде өнім өңдеу және сақтау мүмкіндігіне ие болуда. Бұл қадам алдағы уақытта делдалдарды айналып өтіп, ірі нарыққа шығуға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, бүгінде Мәжіліс депутаттары өңірлердегі көшпелі жұмыс аясында өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізуде. Шалғайдағы елді мекендерге ерекше назар аударылды. Халық қалаулылары Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылу барысын бақылап, жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатқанын зерттейді және оларға қатысты кері байланыс алады. Азаматтар мен бизнесті толғандырған өзекті мәселелермен танысады. Депутаттар жиналған барлық ақпаратты алдағы уақытта Үкіметпен бірлесе жүргізетін жұмыс барысында және жаңа заң жобаларын дайындау кезінде пайдаланады.