Атырау облысының Құлсары қаласында қоғамдық көлік пен мопед соқтығысты. Жол апатының салдарынан мопедті айдаған жасөспірім мерт болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 7 шілдеде сағат 19:00 шамасында болған.
«Құлсары қаласында қоғамдық автокөлік пен мопед соқтығысты. Жол апатының салдарынан мопедтің рульінде отырған 2012 жылғы жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Жасөспірім алған дене жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Қазір аталған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тіркелді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
«Ата-аналар мен көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауға, әсіресе, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне баса назар аударуды ескертеміз. Әсіресе, мопед, скутер және өзге көлік құралдарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – адам өмірінің басты кепілі. Кәмелетке толмаған балаларға арнайы қорғаныш құралдарынсыз және тиісті жүргізуші құжатынсыз жолға шығуға қатаң тыйым салынады», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.