Қарағанды облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы өңірдегі экологиялық ахуалды бақылау барысында «ГРЭС Топар» ЖШС-ның заң бұзушылық әрекеттерін анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, жүргізілген тексеру барысында кәсіпорынның суару және күл үйінділерін құрғату кезінде экологиялық талаптарды сақтамағаны белгілі болған. Соның салдарынан ауада шамадан тыс шаңдану тіркелген.
«Қарағанды облысының Экология департаментіне «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 26-бабына сәйкес тексеру жүргізу туралы талап жолданды. Экология департаменті жүргізген тексеру заң бұзушылық фактілерін растады. Күл үйіндісін рекультивациялау қоршаған ортаға шығаруға рұқсатсыз және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілгені анықталды», делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесі бойынша «ГРЭС Топар» ЖШС-ға 55 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Бұл сома қоршаған ортаға келтірілген зиянды ішінара өтеуге бағытталады.