Алматыда суды тұтыну басқа қалаларға қарағанда едәуір жоғары. Қазір өткір тапшылық болмаса да, құнды ресурсты үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – стратегиялық міндет, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл Алматыда 1989 жылдан бері алғаш рет есептегіштермен жабдықталмаған пәтерлер мен үйлер үшін су тұтынуды есептеу нормалары өзгерді. Енді мұндай тұтынушылар үшін құны әрбір тіркелген адамға айына 15 текше метр су нормативі негізінде есептеледі. Сумен жабдықтаудың қолданыстағы тарифі бойынша бұл 2217,60 теңге. Орталықтандырылған су бұру жағдайында кәріз үшін бір адамға 687,96 теңге мөлшерінде қосымша ақы алынады. Осылайша, есептегіші жоқ төрт адамнан тұратын отбасы енді ай сайын 12 000 теңгеге жуық шот алады.
Шаһар халқын есептегіш құрылғылар орнатуға ынталандыратын шара алдымен тұрғындардың өзіне тиімді. Өйткені тек нақты тұтынылған мөлшер үшін төлем әлдеқайда арзан.
«Тұтыну нормаларының өзгеруі бүгінгі таңда аспаптармен жабдықталу деңгейінің 78%-ға жетуіне әкелді. Жыл соңына дейін барлық пәтерлер мен үйлердің 90%-ы есепке алу құралдарымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл су ресурстарын үнемдеуге көмектеседі», дейді «Алматы Су» МКК департамент директоры Серік Шағыров.
Судың негізгі тарифтері қыста бес жыл мерзімге бекітілген. Жыл сайынғы жоспарлы аздаған өсімнен басқа, есептегіштері бар тұтынушылар үшін баға күрт қымбаттамайды, деп сендіреді маман.