Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын, оның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын орындау аясында негізгі энергетикалық және ақпараттық-коммуникациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электр энергиясымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізу және резервтерді қалыптастыру міндетін қойды. Негізгі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндет. Энергожүйенің тұрақты әрі болжамды жұмысы өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің дамуына негіз болып, жаңа жобалардың, оның ішінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жобалардың іске қосылуына жағдай жасайды. Жаңа қуаттардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша қазіргі уақытта елімізде 230 электр стансасы жұмыс істейді, оның 156-сы жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) объектілері. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну көлемі 119,9 млрд кВт/сағат болса, электр энергиясын өндіру 117,9 млрд кВт/сағатты құрады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тапшылықты жабу және қуаттарды жаңарту үшін 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам энергия өндіруді көздейтін генерацияны дамыту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Бүгінде 10 ГВт қуат көзін іске қосу жобалары әртүрлі кезеңде пысықталып жатыр. Қолданыстағы стансаларды жаңғырту есебінен тағы шамамен 5 ГВт қамтамасыз ету жоспарланған.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысын салу жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Нысанды TURAN арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізу жоспарланып отыр.
Батыс аймақтың энергетикалық жүйесін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру және Оңтүстік аймақтың қуатын арттыру жұмыстары туралы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов баяндады. Президенттің тапсырмаларын орындау аясында жалпы құны 356 млрд теңгеден асатын екі ірі бастама жүзеге асырылуда.
Ұзындығы 600 шақырымнан асатын 500 кВ «Қарабатан – Өлке» электр жеткізу желісін салу жобасы Атырау және Ақтөбе облыстарында электрмен жабдықтау сапасын арттыруға, сондай-ақ батыс өңірлерде ЖЭК нысандарын қосуға инфрақұрылымдық жағдай жасауға бағытталған.
Оңтүстік аймақтың электр желілерін нығайту аясында ұзындығы 475 шақырымды құрайтын 500 кВ «Шу – Жамбыл – Шымкент» бағыты бойынша электр жеткізу желісінің құрылысы және негізгі қосалқы стансаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмысты 2027 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған.
Жалпы, Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында генерация қуаттарын салу бойынша ауқымды жоспарлар аясында KEGOC жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ кеңес барысында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар қаралды. Олжас Бектенов Қазақстан экономикасын цифрлық трансформациялау үдерісіндегі осындай бастамалардың рөлін атап өтті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 6 179 ауыл бар, оның 42%-ы жоғары жылдамдықты деректерді тарату технологиясымен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді шыны-талшықты байланыс желілеріне (ШТБЖ) қосу жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін интернет 3 781 ауылға жеткізіледі. Нәтижесінде, желінің жалпы ұзындығы 160 мың шақырымнан асады және қамту деңгейі 90%-ға дейін өседі. Сонымен қатар еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін 2026 жылдың соңына дейін елдің халықаралық деректер тарату үлесін арттыру жоспарланып отыр.
2027 жылдың соңына дейін республикалық және облыстық автожолдарды қоса алғанда, ел бойынша күре жолдарды мобильді байланыспен қамту деңгейін 99%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар спутниктік байланысты дамытуға да баса назар аударылуда: 2025 жылдың соңына дейін қосымша 328 шалғайдағы елді мекен интернетке қосылады. Қазіргі уақытта Қазақстан «OneWeb», «Starlink», «Shanghai Spacecom Satellite Technology» және «Amazon Kuiper» компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағыттағы жалпы инвестиция көлемі 38,6 млрд теңгеден асады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025–2030 жылдар аралығында АКТ секторына жалпы көлемі шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын баяндады. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.