• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Зейнеткерлер арасында шахматтан турнир өтті

30 рет
көрсетілді

Елорда күніне орай Сарайшық ауданында жеңімпаздар швейцариялық жүйе бойынша анықталатын шахматтың рапид түрінен зейнеткерлер арасында  жарыс өтті, деп жазады Egemen.kz.  

Қала әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша елордадағы әр ауданда «Белсенді өмір сүру орталығы» бар. Жоспарға сәйкес, әр спорт түрінен тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Зейнеткерлер бір емес, бірнеше спортты да қатар алып жүріп, біршама жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

«Бүгін шахматты таңдадық. Орталықтың мүшелері республикалық деңгейдегі Senate Open турнирінің финалдық кезеңіне дейін жетіп жатады. Сондықтан бас жүлдеге деген талас өте жоғары. Бұдан бөлек, велошеру, жүгіру, скандинавиялық жүру және т.б. спорттарды да ұйымдастырамыз. Жалпы Астана тұрғындары салауатты өмір салтын қатты ұстанады», деді Ержігіт Өсербай.

Қала әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше турнирдің мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.

«Өзім 81 жастамын. Әйтсе де 2013 жылдан бері «Ақсақалдар кеңесін» құруға атсалысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жарыстарын мүлдем қалдырмай, белсенді түрде қатысып келемін. Тек қатысушы ретінде ғана емес, ұйымдастырушылардың арасында да жүремін. Зейнеткерлерге назар аударатын, ұдайы көңіл бөлетін қала әкімдігіне алғысымды айтамын», – деп жарыс қатысушысы Мәжит Бекежанов ойын бөлісті.

Сайыс соңында, жеңімпаздарға «Алғыс хаттар» мен арнайы сыйлықтар табысталды.