2025 жылғы 29 маусым мен 3 шілде аралығында Бангкок қаласындағы Anglo Singapore International School базасында өткен Asian World Schools Debating Championship (AWSDC) – әлемдік деңгейдегі беделді пікірсайыс турнирлерінің бірі саналады. Биылғы жылы бұл жарыс Қазақстан үшін ерекше мәнге ие болды – еліміздің құрамасы аталған турнирге алғаш рет қатысып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық командалардың халықаралық аренада өнер көрсетуіне, тәжірибе жинақтап, заманауи зияткерлік желіге енуіне негіз болған – «Debat Eli» қоғамдық қоры. Аталған қор WSDC Ltd. ұйымының еліміздегі ресми серіктесі ретінде 15 оқушының AWSDC 2025 турниріне қатысуына жол ашты.
Басты мақсат — халықаралық интеграция мен жастардың көшбасшылық әлеуетін дамыту
Турнирдің биылғы тақырыбы – «Agents of Impact» («Ықпал агенттері»). Бұл — әлемдік мәселелерді шешуде жастардың белсенді рөлін көрсетуге бағытталған символдық ұран. AWSDC пікірсайыстары WSDC халықаралық форматына негізделіп өткізілді. Турнирге Азияның 10-нан аса елінен командалар келді.
Қазақстан сапында үш команда қатысты:
Негізгі ұлттық құрама – «Debat Eli» қоғамдық қорының қолдауымен құрылды,Назарбаев Зияткерлік мектебі,High Tech Academy мектептерінің тәуелсіз құрамалары.
Ұлттық құраманың үздіктері:
Ален Аусенов – «El Úmiti Cup 2024» жеңімпазы, үздік спикер;
Арина Лепехина – Алматы қаласының үздік дебатері;
Нұрай Кескінбаева – 2025 жылғы мектептік чемпионаттың жеңімпазы.
Команданы халықаралық деңгейдегі дебатшы, ел чемпионы Айгерім Айбасова жаттықтырды.
Тәжірибе – болашақ жеңістердің іргетасы
Қазақстан құрамасы топтық кезеңде сенімді ойын көрсетіп, аздаған ұпай айырмасымен плей-оффқа өте алмады. Бұл – алғашқы қадамға қарамастан, жоғары дәрежелі нәтиже. Сонымен қатар, High Tech Academy өкілі Софи Коживникова «Үздік жас спикер» аталымында екінші орын алып, Mason Korea университетінен $6000 грант ұтып алды.
Турнир финалында Малайзия құрамасы жеңіске жетті.
Қазақстан үшін бұл — жай ғана сапар емес, халықаралық деңгейде жастардың беделін арттыратын және болашақ мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи бастама.