Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар елді мекен тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында ол жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, өзекті мәселелерін тыңдады.
Қазыбек Иса біртуар тұлға, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын-ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына байланысты алдымен Жангелді ауданы Бидайық ауылына барып, Ұлт көсемі кесенесіне барды. Бұдан соң қазіргі уақытта бой көтеріп жатқан мұражай құрылысымен танысты. Бұл нысан ұлт қайраткерінің өмірі мен еңбегіне арналған тарихи-мәдени орталыққа айналмақ.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты Бидайық ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары көтерме жолдардың сапасы, ішкі көшелерге асфальт төсеу, интернет пен ұялы байланыстың әлсіздігі секілді мәселелерді көтерді.
«Көтерілген барлық мәселе біздің жіті назарымызда. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды түйткілдер болғандықтан, тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, өз деңгейінде шешімін табуы үшін бақылауға алынады», деді Қазыбек Иса.
Одан әрі депутат Ақкөл ауылына арнайы барып, ауыл мұражайының жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында ауылішілік жолдардың жай-күйі, байланыс желісінің әлсіздігі, әлеуметтік нысандардың жағдайы сөз болды.
Сонымен қатар Қазыбек Иса Амангелді ауданына барып, Ұлы дала тұлғалары кешенінде ауданның ардагерлерімен кездесті. Олардың ұсыныс-тілектерінің Парламентте қозғалатынын жеткізді.
Жұмыс сапарының соңында Қазыбек Иса Қостанай қаласындағы «Қостанай таңы» газетінің редакциясына барып, шығармашылық ұжыммен және өңірге белгілі қаламгер-журналистермен жүздесті. Депутат БАҚ-тың қоғамдағы орны мен елдік мүддені қорғаудағы рөліне тоқталып, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген мамандарға табыс тіледі.
Депутат сапар барысында айтылған мәселелерді Мәжіліс қабырғасында көтеріп, құзырлы органдардың қарауына ұсынатынын жеткізді.