• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:19

Түркістан облысында 13 каналға реконструкция жасалды

20 рет
көрсетілді

Облыстың Түлкібас ауданында жалпы ұзындығы 108,7 шақырым болатын каналдың 76,3 шақырымы бетондалса, 32,4 шақырымына механикалық тазарту жүргізілген. Реконструкциялау нәтижесінде 8 632 гектар егіс алқабы қайта игеріліп отыр, аудандағы жалпы суармалы алқап көлемі 16 832 гектарға жетеді. Облысқа жұмыс сапары барысында сала министрі Нұржан Нұржігітов жасалған жұмыстардың нәтижесімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сондай-ақ министр Сайрам ауданының диқандарын суармалы сумен қамтамасыз етіп отырған Жоғарғы Ақсу су торабының жұмысымен танысты. Бүгінде су торабынан секундына 7 текше метр су жіберіліп жатыр. Н.Нұржігітов Сайрам ауданының диқандарымен және «Тұран су» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Ведомство басшысының айтуынша Түркістан облысының диқандарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Бәйдібек ата су қоймасы салынып жатыр.

«Нысан қолданысқа берілгеннен кейін Сайрам ауданында суармалы сумен қамту мәселесі толық шешіледі. Дегенмен шаруалар су үнемдейтін жүйелерге көшуі керек. Бұл – заман талабы. Елімізде су үнемдеу жүйелерін сатып алу шығыны 80%-ға дейін өтеледі. Ұңғыма қазу үшін де 80% субсидия қарастырылған. Мемлекет тарапынан қолдау бар, енді соны пайдалану керек», деді министр.

Н.Нұржігітов сонымен қоса, «Сайрам-су» су бөгетіне барды. Нысан Сайрам-су өзенінің ағынын реттеп, оң және сол жағалау магистральдық каналдары арқылы 8 760 гектар жерді суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр және «Тоғыз» су қоймасына қосымша су жібереді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша сондай-ақ министр Түркістан облысының «Қазсушар» филиалына жаңа арнайы техникалардың кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Жалпы алғанда, филиал 69 техника алды, оның ішінде экскаватор-тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тіркемелер, су тасығыштар, самосвалдар, автокран, тартқыш, аспалы жабдық, дизельді генератор және т.б. бар. Филиалға жалпы саны 133 техника бөлінді, енді қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі.

Естеріңізге салайық, қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК филиалдарын бүкіл ел бойынша жаңа жабдықтармен жарақтандыру жалғасып жатыр. Бүгінде кәсіпорын филиалдары жоспарланған 757 арнайы техника мен автокөліктің 439-ын алған.