Павлодарға ресми іссапармен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко бастаған делегация келді. Оның аясында өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожинов әлеуметтік-экономикалық интеграцияның негізгі факторларының бірі ретінде шекара маңындағы өзара қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің өңірлерді қолайлы географиялық жағдай мен тату көршілік қатынастар ғана емес, сондай-ақ біз дамытуға ұмтылатын тұрақты экономикалық қарым-қатынас та байланыстырады», деді ол.
Жиын барысында көлік, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы әріптестік келешегі, сондай-ақ маңызды трансшекаралық су артериясы болып табылатын Ертіс өзенінің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану мәселелері де талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева мен Омбы облысы үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко таныстырған Павлодар мен Омбы облыстарының инвестициялық әлеуеті ынтымақтастық үшін негізгі салаларды және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын белгілеуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Сибирь», «Омская», «Электроточприбор», «Агрофирма Таврида», «Соляное», тағы да басқа Омбы компанияларымен байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Павлодар облысынан Омбыға дәстүрлі түрде алюминий, көмір, глинозем, полипропилен бұйымдары және кәбіл-өткізгіш өнімдері жеткізіледі. Өзара қарым-қатынасты «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС сияқты экономика флагмандары және басқа да кәсіпорындар қолдайды. Өнімдері Ресей нарығына экспортталатын «МолКомПавлодар», «Рубиком», «Turkey PVL» өңдеу кәсіпорындары да жоғары бағаға ие болды.
Сондай-ақ мәдениет, білім, жастар саясаты және спорт саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше назар аударылды. Мұражайлар мен кітапханалардың нәтижелі жұмысы, Омбы облысындағы қазақ диаспорасымен өзара қарым-қатынас аталып өтті. Кездесу қорытындысында өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта іске асырылатын бастамалар тізбесі келісілді.
Ертіс өзенінің әлеуетін пайдалану мәселелері бойынша да жеке жиын өтті. Онда Көлік министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Омбы облысы үкіметінің мүшелері бірлескен көлік-логистикалық және экологиялық жобаларды іске асыруды талқылады. Ертістің су ресурстарын ұтымды пайдалану өнеркәсіптік, аграрлық және кеме қатынасы секторларының орнықты дамуының маңызды элементі ретінде қарастырылып отыр. Өзеннің туристік-мәдени әлеуеті де аталып өтті. Кейінгі он жылда бұл тарапта «Ертіс – достық өзені» атты бірлескен жоба іске асып жатыр.
Делегация мүшелері «Павлодар өзен порты» АҚ жұмысымен де танысып, «Павлодар» АЭА «УПНК-ПВ» ЖШС, «HAGI-Павлодар» ЖШС (Zenith зауыты) және Павлодар ауданындағы «Agro-Trade PV» ЖШС-да болды.
Павлодар облысы