• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 10:05

Жазда ипотека рәсімдеу тиімді ме?

30 рет
көрсетілді

Жаз мезгілінде құрылыс компаниялары тарапынан жеңілдіктер мен акциялар жиі ұсынылады және тұрғын үйді көру, салыстыру және көшу үдерісі ауа райының қолайлылығына байланысты жеңіл­дей түседі.

Сонымен қатар бұл кезеңде жылжымайтын мүлік нарығындағы ұсыныс көбе­йе­ді, сәйкесінше сатып алушыда таңдау мүмкіндігі артады. Егер адамның атында үй болмаса, өте тиімді бағдарламамен ипотека рәсімдегісі келсе, онда «Отбасы банк» бағдарламаларына назар аударған жөн.

Бұл операторда «Ұмай», «Жасыл ипотека», «Отау», «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер», «Концепция», «Жаңа баспана», «Асыл мекен» атты бағдар­лама жұмыс істейді. Азамат әлеуметтік осал топ бойынша үй кезегінде тұрса, әрине онда кезекті күтіп «Концепция» бағдарламасына қатысқан өте тиімді. Себебі пайыздық үстем­ақысы небәрі – 2-5%, сонымен қатар табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Әлеуметтік осал топқа жатпайтын жандарға «Наурыз», «Отау» бағдарламасы тиімді. Бұл өнімнің жылдық үстемақысы 7-9%. Ал басында баспанасы бар, жұмыс істейтін әйелдерге «Ұмай» ипотекасын ұсынар едім. Алғашқы жарнасы 15%-дан басталатын бұл ипотека түрі алғашқы және екінші нарықтан жылдық үстемақысы 14,4%-бен алуға болатын тиімді бағдарламалардың бірі.

Екінші деңгейлі банктерге назар салсақ, олардың жылдық үстемақысы 25%-ға дейін. Осы орайда айта кететін жайт – ипоте­калық несие бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесіне қатысты өзгерістер болды. Ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бірақ банктер мұндай мөлшерлемелерге бірден ауысуға дайын болмағандықтан, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк өз шешімін уақытша тоқтата тұру және ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін 2025 жылдың қарашасына дейін 25% деңгейінде ұстау туралы шешім қабылдады.

Банктер құрылыс компания­ларымен бірлесіп әзірлеген бірнеше қолайлы серіктестік ипотекалық бағдарламалары да бар. Олар стандартты ипо­текалық өнімдерге қарағанда тартымды шарттар ұсынады. Бұл бағдарламалар жиі төмен­детілген пайыздық мөлшер­ле­мелерді, төмендетілген бас­тап­қы жарналарды және жаңа ғимараттардан тұрғын үй сатып алушыларға арналған басқа бонустарды қамтиды. Мысалы, «Altyn Bank», «Freedom», «Halyk Bank», «ЦентрКредит Банкі», «BAZIS-A», «BI Group», «Sensata» сияқты алып құрылыс компания­ларымен бірлескен ипотекалық бағдарламаларын ұсынып жатыр. Алған жылдарына байланыс­ты жылдық үстемақылары 0,1%-дан 25%-ға дейін өседі.

«7-20-25» те тиімді бағдар­ламалардың бірі, алайда оның жылдық лимиті шектеулі. Сондықтан бағдарлама басталған алғашқы бірер минутта-ақ өтінім қабылдау жабылып қалады. Өйткені бағдарлама бойынша қаржыландырудың жылдық лимиті бар (жыл сайын 100 млрд теңге). Тоқсан сайынғы транш – 25 млрд теңге. Бұл шектеу таусылған кезде жаңа өтінімдерді қабылдау тоқтатылады.

Үй немесе пәтер сатып алу барысында келесі критерийлерге баса назар аудару қажет:

Орналасқан жері (инфра­құрылым) – мектеп, бала­бақша, медициналық мекемелер мен қоғамдық көлікке қолжетімділік; Құрылыс сапасы – үйдің материалдары, жылу жүйесі, дыбыс оқшаулауы; Құқықтық жағдайы – меншік құжаттарының дұрыстығы, ауыртпалықтар мен даулардың болмауы; Пәтердің бағыты мен орналасуы – күн түсетін жағы, қабаты, көрінісі; Коммуналдық қызмет тарифтері – басқарушы ком­па­нияның қызмет сапасы мен тарифтері.

Қаладан алшақтау орна­ласқан, инфрақұрылымы толықтай жетілмеген, енді дамып келе жатқан ауданнан ар­зан бағамен сатып алып қойған да жөн. Себебі 3-4 жыл өте ол аудан бірте-бірте көркейіп, дамиды. Тиісінше пәтердің бағасы да қымбаттайды.

Ал енді «төмен пайыздық мөлшерлемені қалай алуға болады?» деген сауалға келейік. Бірінші кезекте несие тарихын жақсарту керек және ресми табысты көрсету арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан дұрыс. «Отбасы банкте» салым жинақтау арқылы 3,5-5% жеңілдетілген мөлшерлемеге қол жеткізуге болады. Бұл үшін кемінде 3 жыл бойы салым салып, қажетті балл жинау қажет.

Одан кейін несие тарихын жақсартуға көңіл бөлу қажет.

Уақытында төленбеген қарыздар мен төлемдер бола­шақта несие алуға кері әсерін тигізеді. Сондықтан барлық несие мен қарызды мерзімінде өтеу арқылы кредиттік тарихты жақсартуға болады. Банктер несие беру кезінде ең алдымен осы тарихты ескереді.

Ресми табысты көрсету маңызды. Ресми жалақы немесе басқа кіріс көздерін көрсету – төмен мөлшерлемемен несие алу­дың басты шарттарының бірі. Бұл сіздің төлем қабілетіңізді растайды және банктерге сенімділік береді.

Алғашқы жарнаны көбірек құю да артықшылық сыйлайды. Несие сомасының бір бө­лігін алдын ала төлеу арқылы банктен жеңілдік алу мүмкін­дігі жоғарылайды. Бұл банктің тәуекелін азайтады, тиісінше пайыздық мөлшерлеме де төмендеуі мүмкін.

Жазғы маусым – тұрғын үй сатып алуға және ипотека рәсімдеуге қолайлы уақыт. Қазіргі кезде мемлекет тарапы­нан ұсынылып отырған бағ­дар­ламалар арқылы азаматтар тиімді шарттармен баспана алу мүмкіндігіне ие. Алайда кез келген шешімді қабылдар алдында қаржылық мүмкіндіктерді саралап, банк өнімдерін салыстырып, заңдық кеңес алу ұсынылады.