Маңғыстау ауданы аумағында «Sinopec International Energy Investment Holdings Netherlands B.V» компаниясы инвест-жоба аясында кен орындарын анықтап, барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Геологиялық барлау жұмысының нәтижесінде Сайөтес ауылында жаңа ұңғыманы бұрғылау жұмысы басталды.
Сайөтестегі алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылау жұмысының басталуына аудан әкімі Ғалымжан Ниязов, Энергетика министрлігі Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау департаментінің директоры Нұрлыбек Бердиев, «Sinopec» компаниясының бас директоры Чжао Цюаньминь, ҚХР бас консулы Го Юй сәттілік тілеп, жұмыс бірлескен іс-қимылдың нәтижесі екенін атап өтті.
– Бұл бастама жер қойнауын зерттеу аясын кеңейтіп, елімізде мұнай-газ саласының дамуына жаңа серпін береді. Бұрғылау жұмысы сәтті, қауіпсіз әрі табысты өтуіне тілектеспіз, – деді Ғ.Ниязов.
Инвестициялық жоба аясында 2024–2025 жылдары С-1 ұңғымасын, 2026–2027 жылдары С-2 ұңғымасын бұрғылау жүргізіледі. Бұл жұмыс өңір экономикасының дамуына, жаңа мүмкіндіктің пайда болуына зор ықпал етеді.