Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бір отбасы мүшелерін кепілге алып, аса қатыгездікпен екі адамды өлтірген қылмыскерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қылмыстық оқиға биылғы жылдың қаңтарында Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде орын алды. Жеке бас араздығын себеп қылып, кек алу мақсатымен қылмыскер бұрынғы сүйіктісінің ата-анасының үйіне келіп, жазғы ас үйде жасырынады. Ол әуелі жазғы үйге кірген қарт әйелге бірнеше пышақ жарақатын салған. Анасының сыртта біраз уақыт аялдап, үйге кірмегенін байқаған қызы артынан іздеп барғанда, қылмыскер ұстап алады да, қол-аяғын байлап, кепілдікке алған. Оларды іздеп келген келіншектің өгей әкесін де қылмыскер ауыр жарақаттайды. Қарт сол жерде қайтыс болады. Кешқұрым уақытта үйіне келген жасөспірім анасы мен ата-әжесінің үйде жоқтығын көріп, әрі үйдің ашық-ашық жатқанынан сезіктенір, жақын жерде тұратын туыс апайының үйіне барып, осы жерден полицияға қоңырау соғады.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне жазғы үйде бекініп алған қылмыскер есік ашпай, кепілге алынғандардың өміріне қауіп төндіретінін айтып қорқытқан. Осы жерде кепілге алған келіншек өзіне 5 миллион теңге қарыз деп талап қояды.
Полиция қылмыскерді ұстап, кепілге алған әйелді босатып, ауыр жараланғандар ауруханаға жеткізілгенімен, екі қарттың өмірін құтқару мүмкін болмады. Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаса да, прокурор оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ақтөбе облысы.