Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев өңірлерге сапары барысында 2 шілдеде Жетісу облысына барды. Партияның облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдаған депутатқа тұрғындар ауылдағы орта мектептің техникалық жағдайы, өзен арнасын тазалау және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру және тағы басқа мәселелерді айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Панфилов ауданы Үлкеншыған ауылының тұрғыны Тойлыбай Домбағұлов аталған ауылдағы орта мектептің техникалық жағдайы сын көтермейтінін қозғады.
«Білім ошағы сонау 1982 жылы салынған. Бүгінде нысанның жағдайы өте нашар, оқушылар үшін аса қауіпті. Тозығы жеткен мектепте 33 жыл бойы жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Ауыл тұрғындары тарапынан арыз-шағым жиі айтылады. Күрделі жөндеу жүргізуге қажет жобалық сметалық құжат пен сараптама дайындалып жатыр. Осыған байланысты, жөндеу жұмысына қажет қаражаттың бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймын», деді ол.
Бұл ретте Руслан Қожасбаев кейінгі 3 жылда өңірде білім беру саласына қатысты 20 нысан салынғанын және олардың 15-і білім ошағы екенін айтып, Үлкеншыған ауылындағы мектептің қазіргі жағдайы да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Ал Талдықорған қаласының тұрғыны – бірінші топ мүгедегі Гүлнара Мұхаметжанова «Отбасы Банк» АҚ арқылы бір бөлмелі пәтерге мақұлдау алғанын, алайда баспанасы оның ерекше қажеттілігіне сай келмейтінін айтты.
Өз кезегінде депутат былтыр «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ел аумағындағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге талдау жүргізілгенін хабарлады. Соның аясында 4,8 мың инфрақұрылым нысаны мен 1,6 мың қоғамдық көлікті қамтыған 2,3 мыңнан астам рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде 1040 заң бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жіберілген. Депутат бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Өңір тұрғындары Қаратал ауданы Тастөбе ауылы маңындағы Қаратал өзенінің арнасын тазалау, бөгетті қалпына келтіру, жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысын көтеру, орта буын медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастарды баспанамен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді де көтерді.
Мәжілістің Баспасөз қызметінің мәліметінше Р.Қожасбаев ел аумағында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20 пайызға артқанын айтты. Сондай-ақ биыл алғашқы алты айда «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы шеңберінде еліміздің барлық өңіріндегі 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, тарихи-мәдени нысандар тазартылғанын мәлімдеді. Акцияға 14 мыңға жуық адам қатысып, 2 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілген.
«Былтыр «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 19 362 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Облыс аумағында 363,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұған қоса 101,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал күні кеше Ақсу ауданына қарасты Көлтабан ауылына барып, 120 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмысымен таныстым. Мектеп құрылысы 2023-2024 жылдары қаржыландырудың болмауына байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Биыл республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлініп, жұмыс қайта жанданды. Қазір нысанның 63 пайызы дайын. Мектеп ғимаратында 25 бүлдіршінге арналған шағын орталық та болады. Жоспарға сәйкес мектеп биыл қазан айында пайдалануға беріледі», деді депутат.
Айта кетелік, Руслан Қожасбаев Жетісу облысына сапары аясында Ақсу аудандық орталық аурухана ғимаратының құрылыс жұмысын да назарға алды. Аталған жобаның жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Бұл қаражат депутаттың тікелей араласуымен республикалық бюджеттен бөлінді. Осылайша, биыл сәуір айында мердігерге 300 миллион теңге қаржы аванс ретінде аударылып, құрылыс қайта жанданды. Қалған қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді.