• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Қоқыс өңдейтін зауыт жобасы неге аяқсыз қалды?

90 рет
көрсетілді

Шамамен бір жарым жыл бұрын жергілікті БАҚ герма­ниялық «AMK Global GmbH» компаниясы Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт салуға ниетті екенін сүйіншілеп жазды. Бұл мәселенің оңынан шешілуіне мүдделі болғандықтан шығар, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев те едел-жедел іске араласты. «ThiemeBieg & Associates GmbH» консорциумының бас директоры Тиме Торстенмен кездесуде аталған жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланғаны туралы ақпарат тараған.

«Тәулігіне 500 тонна қоқыс өңдеуге қуатты зауыт 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Компания жобаны іске асыру үшін 140 млн еуро инвес­тиция салуды жоспарлап отыр. Мюнхен университеті әзірлеген озық технологияларды пайдаланатын «AMK Global GmbH» компаниясы қалдықтардың 80%-ына дейін қайта өңдеуден өткізеді. Сондай-ақ кәсіпорында қоқысты сұрыптау бойынша автоматты желі іске қосылады. Мұнда оттегі, азот, компост, көміртекті талшық және таза авиациялық отын секілді жанама өнімдер өндірісін жолға қою жоспарланады. Жалпы, кәсіпорын қуаттылығын кезең-кезеңімен арттыру полигондағы қалдықтарды тасымалдау мен оларды қайта өңдеуге мүмкіндік береді деп күтіледі. Айта кетейік, неміс компаниясының өкілдері жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы полигонға арнайы барып, танысып қайтты. Ербол Қарашөкеев инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндіріп, жоба­ның маңыздылығын атап өтті», деп жар салды сол кезде өңірлік БАҚ.

Өткен жылдың аяқ тұсында дәл осы мәселені көтеріп «Қоқыс өңдеу зауыты қашан салынады?» деген тақырыпта мақала жазғанымызда ешкім ләм-мим демеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері жақ ашпаған соң, жақында «Ілгеріде жарияланған қоқыс өңдеу зауыты салына ма, салынбай ма?» деген сауалды облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриалды-инновациялық да­мыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа қойдық. Ұққанымыз – өңір басшысы облыс орталығында салынуына ниетті болған қоқыс өңдеу зауыты бой көтермейтін секілді. Жауапты басқарма басшысының айтуынша, мұндай кәсіпорын салу өңір үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз көрінеді.

«Тұрмыстық қалдықты өңдеу – өте қиын іс. Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл облысы аума­ғында тұрмыстық қалдық­тарды заманауи тәсілмен өңдейтін зауыт салу – біз үшін тиімсіз. Жиналып қалған қоқысты қазір кішігірім компаниялар өңдеп жатыр. Ал толыққанды жұмыс істейтін, тұрмыстық қатты қалдық­тарды өңдейтін зауыт салу әзірге мүмкін емес. Сіз мәселен, Тараз бен Алматы арасында адам тасымалдасаңыз, 18 адам сыятын спринтермен 2 адамды алып жүре алмайсыз ғой. Сол секілді тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айта кеткен жөн. Облыс басшысы инвестормен кездес­кен деп отырсыз. Иә, біз өңірге келген ілкімді жобалар туралы ұдайы ақпарат таратамыз. Ол – біздің міндетіміз. Оның ішінде іске асатыны, жүзеге аспайтыны, экономикалық тиім­ділігі бар-жоғы зерделенеді. Қазір тұр­­мыстық қалдықты өңдеу мәсе­лесі бізде әлі ашық күйінде тұр», дейді жауапты басқарма басшысы.

Әрине, өңірге келген жобаның жан-жақты зерделенгені жөн. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алайда инвестициялық жобаның келе­шегі бар-жоғын дер кезінде сараптауға кім кедергі келтіреді? Сол жағы түсініксіз. Мәселен, Ербол Қарашөкеев 2023 жыл­ғы қыркүйекте өңір басшысы қызметіне тағайындалды. Ал шетелдік инвестормен 2024 жылғы қаңтарда кездесті. Төрт айға жуық уақыт бедерін­де салаға жауапты мамандар тұр­мыс­тық қалдықты өңдеу зауытын салу тиімсіз екенін өңір басшысына «естірте» алмаған ба?

«Қоқыс өңдейтін зауыт – өте маңызды нысан. Біз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды қолдаймыз. Ендігі мәселе – аталған зауыт құрылысын тездетіп бастап, нақты іске көшу. Бұл ретте қала басшылығы мен салалық басқармалар компаниямен тығыз байланыста болып, жобаны толық сүйемелдеуі қажет», деген еді өңір басшысы 2024 жылдың басында.

Қарашөкеевтің сөзінен әкімнің бұл зауыттың салынуына ниетті болғанын аңғару қиын емес. Бірақ аталған жобаның болашағы жоқ болса, өңір басшысының шетелдік инвестормен кездесуіне кім түрткі болды деген сауал туындайды. Әлде сол кезде салаға жауапты кеңесшілер мен басқарма басшыларының, не болмаса әкім орынбасарының бұл мәселені өңір басшысына дер кезінде айтуға батылы жетпеді ме?

Қалай десек те, өңірде тұр­мыстық қалдықты өңдейтін зауыт салынбайтынын басқарма басшысының сөзінен анық түсіндік. Ірі инвестициялық жобаны насихаттау мәселесіне келгенде жауапты азаматтар сауысқандай сақ болса дейміз. Әйтпесе, жарнамасы жер жарған жобалардың әлі талайы іске аспай қалуы ықтимал ғой. Сөйтіп, қоқыс өңдеу зауыты Қарашөкеевтің баянсыз жобасы ретінде есте қалатын сыңайы бар.

 

Жамбыл облысы