Бүгінде халық саны 40 мыңға жуықтайтын Шелек ауылында орналасқан, іргесі 1956 жылы қаланған №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмыс істеп келе жатқанына 70 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында ағымдағы жөндеуден әрі аса алмаған ғимараттың әбден тозығы жеткен.
«Жаңбыр жауып, қар ерігенде төбеден тамшылаған су бокс залының ішін көлшікке айналдырады. Соның салдарынан тақтайдан төселген еден шіріп, жамайтын жер қалмады. Оны әр кез өз қалтамыздан қаржы шығарып, жөндеп келеміз. Өңірімізде болған жер сілкінісінде ғимараттың қабырғаларына зақым келіп, шытынап кетті. Спорт мектебінің кәріз жүйесі орталыққа қосылмағандықтан, іргедегі септик үнемі толып, одан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қауып, қысы-жазы тыныс алу мүмкін емес. Оны сорғызу да қалтаға салмақ салады. Қалтаны қағар қаржыдан бұрын, мұнда жаттығатын балалар мен ұстаздардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізіп отыр. Қыста от жағып, күл шығарумен айналысамыз», дейді №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дулат Түзелбай.
Іргеден өтетін көгілдір газ құбырына қосылуға ара қашықтықтың сәйкес келмеуі кесірін тигізіп тұрғанын тілге тиек еткен Дулат Бекжанұлы от жағу маусымында ғимаратты жылумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге 21 млн теңгеге көмір түсіріп, оны 300 метрдегі қоймаға тасымалдау да қиындық тудырып, титықтатып жүргенін ашып айтты.
Шелектегі нысанның сын көтермейтін ахуалымен алыс-жақыннан келетін атқамінерлер, әкім-қаралар, әр деңгейдегі депутаттар тегістей хабардар болғанымен, айтылған сөз айтылған жерде қалып жатқаны қынжылтады.
Жалпы аумағы 150 шаршы метрлік 2 қабатты мемлекеттік меншіктегі нысанның тозығы жеткеніне қарамастан, 988 оқушы үздіксіз жаттығып, сан алуан спорт түрлері бойынша байрақты бәсекелерге қатысып, көк туымызды көкте желбіретіп келеді. Балалар мен жасөспірімдер еркін күрес, дзюдо, бокс, қазақ күресі, футбол, волейбол, баскетбол, кикбоксинг, грек-рим, әйелдер күресі, саятшылық сынды спорт түрлерімен жаттығып, айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Биыл бокстан Ақерке Далабай Азия чемпионы атанды. Інжу Баққожа еркін күрестен Азия балалар ойынында 2-орын, Испанияда өткен халықаралық жарыста 1-орын, Түркияда өткен белдесуде 2-орын алып, ұжымның мерейін өсірді. Мектеп түлегі Элеонора Тұрғанова бокстан Азия, әлем чемпионы атанған. Құсбегілік өнерге баулитын маман Аян Сейітжанның шәкірті Бексұлтан Сейітжан Үржарда өткен жарыста әлем чемпионы атанып, абыройын асқақтатқан.
Кикбоксингтен әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері, Еуропаның 2 дүркін чемпионы, Азия чемпионы Елмұрат Қайыпжанов басқаратын спорт мектебінде штат саны – 59, оның ішінде 29-ы бапкер. Еңбек ұжымы қиындыққа қарамастан, ауыл балалары мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтына, спортқа баулып, нәтижелі жұмыс істеп отыр. Сөз түйіні, Шелек ауылындағы мемлекет меншігіндегі бұл нысанға назар аударатын, күрделі жөндеу жүргізілетін уақыт жетті.
Алматы облысы