Астана күніне арналған мерекелік шаралар аясында елорда іргесіндегі «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде дәстүрлі республикалық «Толағай» алыптар сайысы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлы даланың батырлық бейнесін насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын бұл додаға еліміздің әр өңірінен арнайы іріктелген атан жілік, апайтөс, жауырыны қақпақтай, нағыз алыптар қатысады.
Турнир барысында батырлар жеті түрлі сыннан өтеді. Олардың ішінде салмағы 100 келілік серкені көтеру, 150 келі тартатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, шамамен 1 тонна жүк артылған арбаны мөлшерлі уақыт ішінде қашықтыққа сүйреу, білек қарымын сынап қылышты шыдамдылыққа көтеру, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, ауыр салмақтағы гір тасын көтеру және ұзындығы 1,5 метр болатын темірді мойынға салып иіп майыстыру сынды ерекше сайыс түрлері бар.
«Аталған сайысты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде үшінші мәрте өткізгелі отырмыз. Жарыстың ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 16:00-де басталады. Барша ұлттық спорт жанашырлары мен қала тұрғындарын осы дүбірлі додаға келіп, алыптарға қолдау көрсетуге шақырамыз. Көрермендер үшін кіру тегін. Сонымен бірге «Арғымақ» кешеніне №303, №309 және №323 бағыттарындағы автобустар қатынайды», дейді жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы Тимур Спатаев.