• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалым өмірден өтті

70 рет
көрсетілді

Қаныш Сәтпаевтың ұрпағы Әлима Жармағамбетова өмірден озды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жазды. Әлима Қайнекейқызы – химия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының Катализ және электрохимия институтында лаборатория меңгерушісі қызметін атқарған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ол 1973 жылдан бүгінгі күнге дейін ұзақ жылдар бойы Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтында инженер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, институт директорының орынбасары секілді түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, соңғы жылдары органикалық катализ зертханасының меңгерушісі лауазымдарын атқарды.

Қаныш Имантайұлының өз сөзімен айтсақ, «маман, білімді ғылым кадрлары – біздің негізгі күшіміз, ғылымдағы басты тұлға». Әлима Қайнекейқызы осындай тұлғалардың қатарында болды», деп жазды Саясат Нұрбек.

Әлима Қайнекейқызы «Кинетика және катализ», «Экологиялық катализ», «Мұнай химиясы», «Полимермен тұрақтандырылған наноқұрылымды катализаторлар» пәндері бойынша магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, көптеген шәкірт тәрбиелеген.

«300-ден астам ғылыми мақаланың авторы атанып, еңбектері халықаралық беделді басылымдарда жарияланды. Оның ішінде Scopus мәліметтер базасындағы CiteScore көрсеткіші 35-тен кем емес басылымдарда 6 мақала және CiteScore көрсеткіші 20-дан кем емес басылымдарда 4 мақаласы жарық көрген Ә.Жармағамбетованың ғылымдағы жолы бізге үлгі. Германия, Франция, Италия, Финляндия, Мажарстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерінде халықаралық конференцияларға қатысып, қазақ ғылымының атын әлемге танытты.

Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне және барша ғылыми қауымға қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», деді министр.