2025 жылдың басынан бері Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету жүйесі қарқынды жұмыс істеуде. Есепті кезеңде 259,5 мың азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары туралы SMS-хабарлама жіберіліп, олардың 202,1 мыңы өтінішсіз-ақ жәрдемақы мен төлемдер алу мүмкіндігін пайдаланған, деп хабарлайды Egemen.kz.
ОЦК – бұл Қазақстан азаматтары мен отбасыларына қатысты мәліметтерді біріктіретін цифрлық жүйе. Қазіргі таңда картада 20 миллионнан астам азамат немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл мәліметтер мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде жаңартылып отырады.
«ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазіргі таңда цифрлық карта арқылы азаматтар өтінішсіз ресімдей алатын әлеуметтік төлемдердің 11 түрі қолжетімді. Олар:
Еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төлем; Жұмыссыз қалған жағдайда төлем; Асыраушысынан айырылғанда төлем; Бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар; Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге жәрдемақы; Мүгедектікке байланысты жәрдемақы; Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақы; Атаулы әлеуметтік көмек; Жерлеуге арналған біржолғы төлем; Зейнетақы төлемдері.Сонымен қатар, карта «қандас» мәртебесінің аяқталу мерзімі туралы, сондай-ақ жұмыссыздарға арналған жұмыспен қамту шаралары жайында автоматты түрде ескерту хабарламаларын жолдайды.Мемлекеттік қолдау шараларына құқығы анықталған азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жолданады. Қызметті пайдалану үшін азамат тек келісімін білдіруі қажет. Бұдан кейін өтініш автоматты түрде ресімделіп, төлемдер алушының банк шотына аударылады.