• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Қылмыс Бүгін, 11:23

Астанада мектеп басшысы 1 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырған

20 рет
көрсетілді

Елордадағы №81 «Astana English School» халықаралық мектебінің мектеп директорына және бас есепшісіне ірі көлемде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылып отыр, деп жазады Egemen.kz. Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

 

Астана қаласы бойынша қаржылық мониторинг агенттігі департаменті мектептің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу деректеріне қарағанда, ҚМА мен ҰҚК қызметкерлері бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде 900 миллион теңгеден астам қаржының ұрланғаны анықталған.

Күдіктілер қатарында мектептің бұрынғы директоры мен бас есепші бар. Анықталғандай, ата-аналар нөлінші сыныптағы балаларын оқыту және жазғы лагерьге қатыстыру үшін қолма-қол түрде төлеген ақшалар мектеп шотына түспеген. Бұл қаржы мектептің ресми кірісінде көрсетілмей, жеке мақсаттарға пайдаланылған көрінеді.

Тергеу барысында тағы шамамен 16 миллион теңге мектепте іс жүзінде жұмыс істемеген аты бар, заты жоқ тұлғаларға аударылғаны белгілі болды. Олардың қатарында күдіктілердің туыстары да болған, алайда олар мектеп қызметкерлері ретінде тіркеліп, жалақы алып келген.

«Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны 382 миллион теңге тұратын мүлік – елордадан екі пәтер, коттедж және автокөлік сатып алынған. Қазіргі таңда сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген ресми хабарламада.

Қылмыстық іс материалдары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа еліміздегі мектептер мен балабақшаларда бухгалтерлер қатысқан жемқорлық фактілері жиілеп кеткені жөнінде сұрақ қойылған еді. Министрдің айтуынша, бірнеше жыл бұрын министрлік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп, мектептерді, балабақшаларды және министрліктің өзін жан-жақты тексеруге кіріскен. Сол уақыттан бері білім беру саласындағы ұрлық-қарлықтың жалпы сомасы 18 миллиард теңгеге жеткені анықталған. Бұл деректер соңғы 5–6 жыл ішіндегі жағдайды көрсетеді.