• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 12:11

Үкіметтен ШҚО-дағы жылу желілерін жөндеуге қаржы бөлінді

30 рет
көрсетілді

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысындағы жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес қаражат Риддер қаласы және Қ.Қайсенов кентінің жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтауға бағытталады. Бөлінген қаржының негізгі бөлігін Риддер қаласының жылу желілерінің ең қатты тозған 5,9 шақырым учаскесін күрделі жөндеуге жұмсау жоспарланып отыр.

Ұлан ауданы Қ.Қайсенов кентінде ұзындығы 9 шақырым жылу желілерін реконструкциялаудың екінші кезегін аяқтауға 113 млн теңге бағыттау жоспарланған.

Жалпы ШҚО-ның елді мекендерінде жылу желілері 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Осы кезеңде оларға күрделі реконструкция жасалмаған. Тозу деңгейі орта есеппен 55%-дан, ал жекелеген елді мекендерде 75%-дан асады. 

Естеріңізге салайық, биыл мамыр айында ҚР Үкіметінің резервінен екі қазандық агрегатын жөндеуге, №5 редукциялық-салқындату қондырғысының технологиялық үдерістерін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге, сондай-ақ Риддер қаласының ЖЭО-ның ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін электротехникалық жабдықтың бір бөлігін ауыстыруға шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді.

Соңғы екі жылда қалада жөндеу жұмыстары төтенше жағдай кезінде, ЖЭО-ны тезірек іске қосу және жылу желілерін жөндеу қажеттілігіне байланысты жүргізілді. Жедел әрекет етудің нәтижесінде екі жыл ішінде тозу 82%-дан 66,8%-ға дейін төмендеді.