Қазақстанның геология саласында ауқымды цифрландыру жұмыстары табысты жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлығы 4 579 342 бірліктен тұратын бастапқы геологиялық ақпараттың 60%-ы — 2 601 571 бірлігі цифрланды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ бекіткен жоспарға сай жүргізілуде және толық цифрландыру 2028 жылғы 1 қаңтарда аяқталады деп күтілуде.
Цифрланға бастапқы геологиялық ақпарат қатарына аумақтық қорларда сақталған қағаз құжаттардың сканерленген нұсқалары, сондай-ақ магниттік ленталар мен картридждерден алынған сейсмикалық деректер жатады. Бұл – далалық және зертханалық геологиялық барлау жұмыстары барысында тікелей тіркелген, бағалы әрі түпнұсқа мәліметтер.
Сонымен қатар елімізде екінші геологиялық ақпаратты жүйелеу және цифрландыру да белсенді түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда Республикалық және аумақтық геологиялық қорларда сақталған 74 452 есептің ішінен 66 180-і құрылымдалып, цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жалпы көлемнің 89%-ын құрайды. Аталған жұмысқа есептердің қағаз нұсқаларын сканерлеу, оларды бірыңғай электронды қалталар мен файл түрлеріне құрылымдау және нақты зерттелген аумақтарға географиялық сәйкестендіру кіреді.
Атқарылып жатқан бұл жұмыстар геологиялық мәліметтерге қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, жер қойнауын пайдалануға қатысты жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды енгізуге берік негіз қалайды. Бұл — «ақылды геологияны» дамытуға және Қазақстанның минералдық-шикізат саласына инвестиция тартуға бағытталған маңызды қадам.