• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Марапат Бүгін, 08:55

Тұмардың жеңімпаздары

30 рет
көрсетілді

Астанада «Тұмар–2025» ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Айта кетсек, биыл «Тұмар» бәйгесі тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр.

Байқауға 11 аталым бойынша жетекші республикалық және өңірлік телеарналардан 300-ден астам өтінім келіп түсті. Қысқа тізімге 44 жұмыс енді.

Жеңімпаздарға «Тұмар» мүсіншесімен қатар, отандық телевизия саласындағы ең жоғары жетістіктері үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Байқау барысында Мемле­кет­тік кеңесші Ерлан Қарин қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, «Тұмар» бәйгесінің маңы­зын айшықтады.

«Баршаңызды кәсіби мере­ке­леріңізбен шын жүректен құт­тық­­таймын! Бүкіл елдік іс­тің ба­сы-қасында өздеріңіз жүр­сіз­дер. Сондықтан Ақордада өт­кен ма­рапаттау рәсімінде Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді «елдегі реформалардың қозғаушы күші» деп атап өтті. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Себебі сіздердің еңбектеріңіз қоғамның көкейіндегі мәселені көтеріп, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып отыр. Менің де еңбек жолымның бір кезеңі телевизиямен тығыз байланысты болды. 2000-жылдардың басында «Хабар» телеарнасында халықаралық шоу-бағдар­ламаны жүргіздім. Жылда осы кәсіби мереке қарсаңында «Тұмар» байқауында бас қосу  жақсы дәстүрге айналды. Келер жылы осы бәйгенің онжыл­дық межесін  өткереміз. Өз басым бұл байқау­дың үзілмей, тұрақты өтіп келе жатқанына ерекше қуана­мын. Себебі «Тұмар» – қазақ теле­визиясындағы публи­цисти­каның өзіндік бір тарихы мен дәстүрін жалғастырып келе жатқан жоба. Кез келген салада ұрпақтар сабақтастығы – аса маңызды құндылық. Күні кеше Мемлекет басшысының ардагер журналистерге арнайы құрмет көрсетуінің тағылымдық мәні де осында», деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық байқауы алғаш рет 2017 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бас­тамасымен құрылған. Бай­қаудың басты мақсаты – отан­дық телевизияның сапалы дамуына ықпал ету, телевизиялық контент өнді­рісінде талантты мамандарды қолдау.

Сонымен биылғы бай­қаудың жеңімпаздарына тоқталсақ, «Ең үздік әлеуметтік тележоба» аталымы бойынша «Jibek joly» телеарнасының «Таза қала» жобасы топ жарды. Бұдан бөлек, «Жылдың ең үздік репортажы» аталымында «Мир» телеарнасының «В гостях у кочевников», «Ең үздік журналистік зерттеу» аталымында «Atameken business» телеарнасының  «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік», «Ең үздік ақпа­рат­тық-сараптамалық бағ­дар­л­ама» аталымында «24KZ» телеар­насының  «President» бағдарламасы, сонымен қатар «Жылдың ең үздік телехикаясы» аталымында  31 арнаның «12:00» телехикаясы, «Ең үздік балалар тележобасы» аталымында «Turkistan TV» телеарнасының «Түркістан сақшылары» тележобасы, «Ең үздік өңірлік арна» аталымында «Saryarqa» телеарнасы, «Ең үздік деректі фильм» аталымында «Jibek joly» телеарнасының «Человек с острова Кулалы» деректі фильмі оқ бойы озық шықса, «Ең үздік тележурналист» аталымында «Qazaqstan TV» телеарнасының тілшісі Ақерке Бектас, «Ең үздік теле­жүр­гізуші» аталымында «Хабар» телеарнасының тілшісі Мөлдір Доспаева, сондай-ақ  «Ең үздік спорттық комментатор» аталымында «Qazsport» телеарнасының тілшісі Ерік Ерсін жеңімпаз атанды.

Ал «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық байқауы­ның арнайы жүлдесі «КТК» телеарнасына, «Еуразия бірін­ші» арнасына және «Хабар» агенттігіне табысталды.

«Тұмар» ұлттық телевизия­лық бәйгесіне «Хабар» Агент­тігі» АҚ және «Qazaqstan» РТРК және «Медиа дамыту қоры» КҚ, Қазтелерадио, Отау TV, Galam TV, Sport+, «Қазақтелеком» АҚ  сынды отандық бірегей компаниялар қолдау көрсетті.