• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Сенат Бүгін, 09:20

«Парасат» байқауы қорытындыланды

30 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдары­ қызметкерлері күні қарса­ңын­да Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауы­ның жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара барысында палата спикері Мәулен Әшімбаев медиа өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.

Сенат төрағасы байқау лауреаттарын құттықтай келе, қоғамдық пікір қалыптастыру және ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыру жолында бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ ол журналистер мемлекет пен азаматтар арасындағы алтын көпір, әлеуметтік ахуалдың барометрі екеніне назар аударды. Шын мәнінде, БАҚ өкілдері елде болып жатқан өзгерістердің мәнін халыққа жеткізіп, әртүрлі көзқарасты көрсетеді. М.Әшімбаев өз сөзінде елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарының басым бағыттарына тоқталып, кездесуге қатысушыларға әділетті, қауіпсіз, таза және қуатты Қазақстанды құруға қосып келе жатқан белсенді үлестері үшін алғыс айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешен­ді реформалар іске асырылып жатыр. Олар экономиканы әртарап­тандыру, өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Сапалы біліммен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән беріліп жатыр. Азаматтардың елімізде болып жатқан өзгерістер жөнінде толық және объективті ақпарат алуы сіздерге тікелей байланысты. Сондықтан журналистердің қызметі қашанда құрметке лайық. Осы ретте журналистердің парламенттік пулы­ның жұмысына да ерекше тоқтал­ғым келеді. Сіздер Сенаттың Мемле­кет бас­шысының реформаларын заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз етуге ар­налған қызметін дәйекті және жедел на­­си­­­хаттап, қабылданған заңдардың мә­­нін тү­сін­діріп, әділетті, қауіпсіз, таза және қуат­ты Қазақстан құруға елеулі үлес қо­сып келесіздер», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев палата жұмысының қорытындысына назар аударып, сенаторлардың өңірлерде өткізген көшпелі отырыстарынан хабар тарату арқылы қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді оң шешу ісінде БАҚ-тың ықпалы зор екенін тілге тиек етті. Депутаттық сауалдарды, тұрақты комитеттердің қызметін және қаралатын заңдарды уақтылы әрі объективті жариялаудың маңызды екені де сөз болды.

Жалпы, биыл Сенат ұйымдастырған «Парасат» байқауына 100-ден аса жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында телеарналардың, баспасөздің, ақпарат порталдарының және өзге де отандық медианың журналистері бар.

Сонымен 2025 жылғы «Парасат» байқауының жеңімпаздары мына аталымдар бойынша анықталды: «Үздік телевизиялық материал» – Азамат Нұғыманов («Qazaqstan» телеарнасы), Ботагөз Базарбаева («24KZ» телеарнасы), Анна Абрамова («КТК» телеарнасы); «Мерзімді баспасөздегі үздік материал» – Гүлнар Жолжан («Egemen Qazaqstan» газеті), Гүлжиған Тұрсынова («Жетісу» облыстық газеті), Раушангүл Нұршаева («Литер» газеті); «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» – Жанар Сердалина («BestNews.kz» ақпарат агенттігі), Надежда Алишпаева («Tengrinews.kz» ақпарат агенттігі); «Әлеуметтік желілердегі үздік жазба» – Ержан Жаубай (журналист); «Жылдың арнайы сыйлығы – Үздік аналитикалық материал» – Ақбөпе Тәңірберген және «Еуразия Бірінші арнасы» телеарнасы «Заң мен Ел» бағдарламасының ұжымы, Президент Телерадиокешені «Jibek Joly» телеарнасының ұжымы; «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Советхан Жағиев («Qazaqstan» телеарнасының видеооператоры).