Жасанды интеллектінің негізі сонау өткен ғасырдың 50-жылдары қаланғанымен, тек 2010 жылдардан бері ғана өзінің өміршеңдігін дәлелдей бастады. Ал қазіргі қарқыны бір жағынан жан сүйсінтсе, екінші жағынан күмәнді ойға жетелейді. Жалпы, нейрожелі ХХІ ғасырдың таптырмас цифрлық технологиялық жаңалығы болып тұр. Әзірге. Себебі жыл емес, ай емес, күн санап жаңарып жатқан цифрлық технологиялар өз кеңістігінің шексіз екенін көрсетіп келеді.
Жасанды интеллектінің нақты қай салада көбірек қолданылып жатқанын дөп басып айту қиын. Мектеп оқушысынан бастап, студент, мұғалім, журналист, дәрігер, банк қызметкерлері, қысқасы ғаламтордан жәрдем іздеген жанның бәрі ақылды желінің «кеңесіне» жүгініп жүр. Сол ортада жүргендіктен бе, ЖИ-дің журналистикадағы адымының алшаңдай бастағанын байқап жүрміз. Жекелеген журналистердің де белсенді қолдана бастады.
Әрине, көлемді сараптама, арнайы репортаж сынды ізденісті, креативті талап ететін материалдардан бөлек, шағын ақпарат, ауа райы болжамы, жұлдыз жорамал, баспасөз релизі сынды масс-медиаға қажетті майда-шүйде материалдар осы ақылды желінің көмегімен жазылып жатқаны белгілі. Тіпті ғаламтордан ЖИ дайындаған алғашқы шетелдік газетті де көрдік. Қолға ұстап, оқып көрмеген соң оның қаншалықты сапалы дүние ұсына алғанын айта алмаймыз. Десе де ЖИ-дің жылдамдығы көңіл қуантқанымен, алдағы уақытта дәстүрлі БАҚ-тың бағын байлап, білікті мамандардың жұмысын тартып алмай ма деген де қауіп мазалай бастады.
Осы ретте отандық журналистика саласында креативті контент дайындау ісінің бел ортасында жүрген мамандарды әңгімеге тартып көрдік. Белгілі журналист, «Qazcontent» АҚ-ның SEO-маманы Аршат Оразов ЖИ-ді салаға төнген қауіп емес, керісінше шығармашылық адамының жұмысын жеңілдететін мүмкіндік ретінде қарастыратынын айтты.
– Жасанды интеллект қазір медианың барлық саласына еніп жатыр. Әсіресе интернет басылымдарда контентті тез әрі үнемді шығару үшін қолданып жатқандар көбейді. Бұл дәстүрлі БАҚ-қа белгілі бір деңгейде ықпал еткенімен, мен оны қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырар едім. ЖИ дұрыс қолданылса, жаңалық дайындауда уақытты да, қаржыны да үнемдейді, ал журналист шығармашылыққа көбірек көңіл бөле алады. Нейрожеліні медиада көмекші құрал ретінде пайдаланған дұрыс: мәтін аударуға, идея іздеуге, пунктуацияны немесе стилистиканы түзетуге, техникалық не жедел ақпаратты жылдам жазуға. Осылайша, керісінше мазмұн сапасы жақсарады, жаңалық беру үдерісі жеңілдейді. Ең бастысы – ЖИ көмекші құрал ретінде қолданылып, шешуші рөл журналист пен редактордың өзінде қалуы керек, – дейді маман.
Ал Түркістан облыстық «Turkistan» телеарнасының веб-программисі Ғасыр Құралбайұлы ЖИ-дің анимация саласында таптырмас құрал болып отырғанын айтады. Бұл аниматорлардың уақытын да, қаржысын да әжептәуір үнемдеп жатқанын атап өтті.
– «Түркістан» телеарнасы жасанды интеллектіні көптен бері қолданып келеді. Ең алғаш бір жарым жыл бұрын ауа райын жүргізетін «Күншуақ – табиғат қызы» жобасын жүзеге асырдық. Ол «Қазгидрометтен» күнделікті мәлімет алып, оны генерациялап, өзі автоматты түрде шығып отырады. Біз соның дайын өнімін көрерменге ұсынамыз. Одан бөлек, жақында ғана толыққанды ЖИ арқылы дайындалған «Түркістан сақшылары» өнімі шықты. Ол он шақты күннің ішінде дайын болды, – дейді Ғ.Құралбайұлы.
Оның айтуынша, кириллицадағы қазақ әріптерін оқуы біраз қиындық туғызыпты. Яғни мультфильмде кириллицаны жете танымайды. Одан бөлек, дауыстау жағынан да біраз машақат болған екен.
– Бұл – біздің елде 3D форматта ЖИ көмегінен қазақ тілінде шыққан тұңғыш мультфильм. Бертін келе біз оның хронометражын ұзарта алдық. Алғашқы мультфильм төрт минут болса, келесі сериалдары он бір-он екі минутты құрады. ЖИ-дің дәстүрлі өнімнен басты айырмашылығы – үдерістің жеделдігі, жылдамдық. Яғни ресурстардың үнемделуі қуантады. Егер дәстүрлі медиада осындай мультфильм медиа нарықта кемінде 10 млн теңгеден аса сомаға бағаланса, ал біз дайындаған бұл шағын мультфильмге 100-150 доллар ғана жұмсалды. Бұны нағыз технологиялық революция деуге де болады. Анимация саласындағы үлкен жетістік. Жаңа ноу-хау келе жатыр, – дейді Ғ.Құралбайұлы.
Веб-программист жасанды интеллектіден қорқудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Онымен тығыз әріптестік орнатудың артықшылығы мол көрінеді.
– Жалпы, ЖИ-ге деген көзқарасым дұрыс. Кезінде калькулятордан, интернеттен де үріктік. Енді қазір ЖИ-ді де фобия көре бастадық. Жоқ, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, осымен достасып, әріптестік орнатуымыз керек. Яғни журналист механикалық жұмыстарды «досына» тапсырып, мәтінді өзі әрмен қарай әрлеп, эмоция беріп, мазмұнды репортаж шығарға болады. Алайда жасанды интеллектінің ақпаратты толық жинай алмайтын кемшіліктері де бар. Яғни өзі зерттеу жүргізе алмайды, оқиға орнынан хабар тарата алмайды. Оған қоса факт чекті дұрыс атқармайды. Яғни факт чект жасау үшін де ол белгілі бір ресурстардан ақпарат алып, оны сүзгіден өткізу керек, – дейді ЖИ сарапшысы.
Ал ЖИ-дің құқықтық нормаларды, кейбір әдеп этикаларын сақтай бермейтіні жалған ақпараттың тарауына жол бермек. Ғ.Құралбайұлының айтуынша, ЖИ-дің осындай сапасыз өнімін тұтынған БАҚ-тың беделі түсетіні анық. Қысқасы, сарапшылар сөзінен ұққанымыз, заманауи нейрожеліні жатсынбай, оны ақылман дос, елгезек көмекші тұтып араласқанымыз абзал сияқты.