2025 жылдың басынан бері 5 496 этникалық қазақ Қазақстанға оралып, ресми түрде қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 153 мың этникалық қазақ көшіп келген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қандастардың басым бөлігі Қытай (45,8%) және Өзбекстаннан (41,2%) келген. Сондай-ақ Түрікменстан (5,5%), Моңғолия (2,6%), Ресей (2,4%) және басқа елдерден (2,5%) келген азаматтар да бар.
«Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31%-ды және зейнеткерлер 8,9%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 27,4%-ы орта кәсіби білімді, 53,2%-ы жалпы орта білімді, және 2,4% білім жоқ», делінген хабарламада.
Этникалық қазақтар елдің әр аймағына қоныстанып жатыр. Алайда еңбек күші тапшы аймақтарға, атап айтсақ Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына басымдық беріледі. Бұл өңірлерге 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Жылдың алғашқы бес айында бұл аймақтарға 917 қандас қоныс аударған.
«Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде. Жыл басынан бері 340 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 163 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды», делінген хабарламада.
Айта кетейік, Солтүстік өңірлерге ерікті көшу тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілерді ынталандыруға бағытталған жаңа институционалдық шаралар қабылданған. Оның аясында тұрғын үй сатып алу немесе салу, сондай-ақ ипотекалық несиелер бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген. Бұл сертификат бір отбасыға тұрғын үй құнының 50%-ына дейін, немесе 4,56 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде беріледі.