• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Марапат Бүгін, 09:03

Мереке қарсаңындағы марапат

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлеріне марапаттар табыстады. БАҚ қызмет­керлері арасындағы жеңімпаздар жеті аталым бойынша анықталды.

Салтанатты жиынды ашқан Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері мен БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Қазір қоғамды журналиссіз елес­тету мүмкін емес. Халық сіздердің жазған мақалаларыңыз бен сюжеттеріңізден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келесіздер. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар сіздер арқылы насихатталып жатыр. Заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу – ол да негіз­гі миссияның бірі, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері бүгінде Мәжілісте 700-ден аса БАҚ өкілі аккредиттелгенін атап өтті. Бұл тізім уақыт өткен са­йын ұлғайып келеді. Журналистердің жайлы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарымен түрлі форматта белсенді жұмыс атқарып жатыр.

– Еліміздің одан әрі дамуын мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елес­тету қиын. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалып отыр. Сіздермен бірге біз жаңа салалық заң қабылдадық. Ол журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтті. Блогерлер мен басқа да ақпарат көздері бүгінде БАҚ-пен бәсекелесуге тырысып жатыр. Бірақ мемлекет байыпты журналистикаға сұранысты жүйелі түрде қалыптастырып келеді, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» сыйлығының тоғызыншы жыл өткізіліп келе жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде 140-қа жуық адам марапатталған. Биыл байқауға қатысуға 100-ден аса өтінім келіп түскен. Таңдау оңай болған жоқ. Нәтижесінде, марапаттар былай бөлінді:

– «Үздік баспа жарияланымы үшін» – Зейін Ерғалиева («Egemen Qazaqstan» газеті), Владислав Шпаков («Время» газеті);

– «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – Асылбек Тойбеков («Жібек жолы» телеарнасы), Мейрамгүл Мәдәлі («Atameken Business» телеарнасы), Әлібек Рзабаев (Еуразия бірінші арнасы, «Парламент Online» бағдарламасы);

– «Үздік бейне-сурет материалы үшін» – Алмас Жулубаев («Астана» телеарнасы);

– «Үздік интернет және радио материалы үшін» – Әйгерім Бақпаева («Baigenews.kz» интернет порталы), Азамат Тлепов (Қазақ радиосы), Әйгерім Тукушева («Kursiv.kz» сайты), Тамара Вааль ( «Vlast.kz» сайты);

– «Арнайы репортаж» – Ирина Әлімжанова (Qazaqstan ұлттық арнасы, «Қос палата» бағдарламасы), Алина Шашкина («Tengrinews.kz» интернет порталы), Дәурен Омаров («Адал адам» YouTube арнасы);

– «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Еркін Жұматаев («Хабар» агенттігі), Алек­сандр Трухачев («КТК» телеарнасы);

– «Парламент сөзі» Арнайы аталымы – «Азаттық рухы» сайтының және «24KZ» телеарнасының ұжымдары. 

Соңғы жаңалықтар