Дзюдодан Будапешттегі әлем чемпионаты аяқталғаннан соң, IJF-тің рейтингі қайта жаңартылды. Дунай жағалауындағы жарыста ел қоржынына бір ғана күміс медаль түскені белгілі. Сол жүлденің иегері Әбиба Әбужақынова қазіргі рейтингте әлемде екінші орынды иеленеді. Оның алдында италиялық Ассунта Скутто ғана. Дәл осы Апеннин түбегінің аруы финалда Әбибадан айласын асырған еді.
Әйелдердің әлемдік рейтингінде Ассунта Скуттодан бөлек, Италияның тағы бір дзюдошысы көш бастап тұр. Ол – Аличе Белланди. 78 кг салмақта белдесетін балуанның қоржынында әлем чемпионаттарының толық жүлде жиынтығы бар. Белланди 2023 жылы Дохада қола алса, 2024 жылы Абу-Дабиде күміспен күптелді. Ал күні кеше ғана ол Будапештте бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ Аличе Париж Олимпиадасында алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ косоволық Дистрия Красничи (52 кг), Этери Липартелиани (57 кг), канадалық Катрин Бошмен-Пинар (63 кг), Лара Цветко (70 кг) және франциялық Романа Дико (+78 кг) салмақ дәрежелерінде дара тұр.
Жоғарыда есімдері аталған бұрымдылар арасынан Будапештте Ассунта Скутто, Аличе Белланди, Этери Липартелиани әлем чемпионы атанды. Қалғандарына ондай бақ бұйырмады. Мәселен, Дистрия Красничи мен Лара Цветко финалда ұтылды. Романа Дико қола медальды қанағат тұтты. Олардың салмақтарында жапониялық Ута Абэ (52 кг), Харука Кадзю (63 кг), Сихо Танака (70 кг) және оңтүстіккореялық Ким Ха Юн (+78 кг) озды. Бір қызығы, соңғы әлемдік додада 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпы есепте алдына жан салмаған Жапонияның бірде-бір қызы IJF-тің рейтингінде көш бастауға қажетті ұпай қорын жия алмады.
Қазіргі кезде ТОП-10-дықтың қатарына Францияның 12 дзюдошысы енді. Бұл – әйелдер арасындағы ең үздік көрсеткіш. Расында да, олардың мықтылығы еш күмән туғызбайды. Себебі француздардың қай қызын алсақ та, әрқайсының атағынан ат үркеді. Аталған команданың басты қарсыласы Жапонияның да жағдайы жақсы. Күншығыс елінің 8 балуаны үздіктер санатында. Үшінші орында Германия құрамасы. Неміс қыздарының алтауы сол межеден көрінді. Сондай-ақ озық ондықтың қатарына мына мемлекеттердің бұрымдылары еніп отыр: Италия, Испания, БАӘ, Израиль, Нидерланд, Хорватия – 3, Ресей, Қытай, Косово, Мажарстан, Канада, Оңтүстік Корея, Словения – 2, Қазақстан, Швеция, Моңғолия, Өзбекстан, Грузия, Сербия, Аустралия, Аустрия, Грекия, Португалия, Ұлыбритания, Бразилия – 1.
Әлемдік рейтингте Әбиба Әбужақынованың екінші орында тұрғанын жоғарыда айттық. Жерлестеріміздің арасындағы одан кейінгі жақсы нәтиже Ғалия Тынбаеваға тиесілі. 48 кг салмақта күресіп жүрген ол 19-орынды иеленді. Ал өзге дзюдошы қыздарымыздың нәтижелері мынадай: Назгүл Маратова (+78 кг) – 33, Есімгүл Куюлова (63 кг) – 39, Кәмила Берліқаш (+78 кг) – 40, Ақерке Рамазанова (+78 кг) – 59, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 60, Бақыт Құсақбаева (57 кг) – 62, Екатерина Токарева (70 кг) – 68, Карина Тәкиева (+78 кг) – 69, Маргарита Гриценко (78 кг) – 96 кг, Самалай Ерғалиева (63 кг) – 98, Толағанай Әбеуова (52 кг) 100-орын.
Міне, ТОП-100-дікке енген дзюдошыларымыз осылар. Шыны керек, бұл күндері аса жеңіл салмақта табысты өнер көрсетіп жүрген Әбужақынованың ғана аяқ алысы қуантады. Ол қатарынан үш әлем чемпионатынан олжалы оралды. Алғашқы екеуінде қола медаль алса, бұл жолы күміске қол жеткізді. Осыған дейін еліміздің әйелдер дзюдосы өкілдерінің бірде-біреуі төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыстың финалында күрескен емес. Сол көшті Әбиба бастады. Онымен бір салмақта белдесетін Ғалия Тынбаеваның да аяқ алысы жаман емес. Будапештте жолы болмағанымен, ол басқа да халықаралық турнирлерде жақсы өнер көрсетіп жүр. Былтыр Ғалияның «Қазақстан барысында» топ жарып, Загребтегі Гранд-Слэмде күміс медаль иеленуі, биыл Бангкоктағы Азия чемпионатында үздік үштікті түйіндеуі – осы сөзіміздің айқын айғағы. Өкінішке қарай, өзге қыздардан ондай қарқын байқалмайды.