Қарағандыдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясы қашанда ұлттық іс-шараларға ұйытқы болып жүр. Жақында мектептің бастамасымен ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай «Абай велошеруі» де сән-салтанатымен өтті.
Велошерудің ашылу салтанатында гимназия оқушылары Әл-Фараби Ілияш, Айбота Сия ақын өлеңдерін оқып, қатысушыларға жігер мен шабыт сыйлады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім велошерудің ашылуымен құттықтап, веломарафонның маңызына тоқталды.
– Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында орай ұйымдастырылып отырған игі істің Абай есімін иеленген мектептен бастау алып жатқаны қуанышты. Ұлтымыз үшін, ел болашағы үшін Абайдың қылған қызметі, айтқан ой-толғамдары әрқашан маңызды. Хакім Абайдың «Толық адам» ілімін қалыптастыруда мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының атқарып жатқан еңбегі зор, – деді Есентай Әшім.
Белгілі велошабандоз, «Толық адам және төрт даму», «Абай арқылы ағылшынша үйрен» жобаларының авторы Ернат Рахметолла велоспорттың адамға тигізер пайдасымен бөлісті.
– Велобекеттері бар, инфрақұрылымы дамыған Алматы, Астана қалаларын толықтай велоқала деп атауға болады. Біздің басты мақсатымыз – қазыналы Қарағанды қаласын да сол деңгейге жеткізіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болу. Осы уақытқа дейін біраз велошеру ұйымдастырдық. Абай атамызға арналған велошеруді алдағы уақытта бұдан да ауқымды түрде, шығыс елінде, ақынның туған жерінде дүбірлетіп өткізуді көздеп отырмыз, – дейді Ернат Мелсұлы.
Мектеп ауласынан бастау алған велошеру Абай ескерткіші жанында жалғасын тапты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жөнінде сөз қозғаған ғалым, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов мұндай саламатты өмір салтын насихаттайтын іс-шара дәстүрге айналса деген тілегін білдірді.
Велошеруге қатысушылардың келесі межесі орталық саябақ болды. Олар бастапқы орыннан мәре сызығына дейін саябақ аумағындағы үш негізгі аялдаманы басып өтті. Алғашқы «Ақиқат сөзі» аялдамасында велошабандоздар Абайдың өлеңдерін оқыды. Келесі «Хакім жүрегі» бекетінде ақынның әндері шырқалса, соңғы «Қара сөз кеңес» аялдамасында Абай атамыздың қара сөздері талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
Спорттық іс-шараның мәресіне жеткен барлық велошабандоз арнайы медальдармен, қалалық ішкі саясат бөлімінің Алғысхатымен марапатталды. Іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жадыра Сабырқызы қатысушыларға ерекше алғысын білдірді. Алдағы уақытта веложүйріктер Абай еліне баруды көздеп отыр.
Қарағанды облысы