Соңғы уақытта интернетте пранк және экстремалды көріністер бейнеленген видеолардың жиі таралуы алаңдатады. Әзілдегеннің жөні осы екен деп, әлеуметтік желілерде жосықсыз ойын, қауіпті трюктер ұйымдастырып жүргендер кейде жауапкершіліктің бар-жоғын ұмытып кетіп жатады, деп жазады Egemen.kz
Өкінішке орай, лайк пен қаралым үшін алды-артына қаратпайтын жарыс әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шегінен алыстап кетіп жүр. Мәселен, жуырда желіде тараған бір бейнежазбада ер адам жүкті серігімен бірге көше сыпырушылардың аяғының астына қоқыс төгіп: «нашар жұмыс істейсіз» деп айыптайды. Коммуналдық қызметкерлердің бірін жыларман күйге жеткізген соң, бұл әлеуметтік эксперимент екенін мәлімдеп, кешірім сұрайды. Орынсыз қалжыңымен желі қолданушылардың ызасын тудырған ер адамға қатысты іс Алматы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сөйтіп, пранкшінің қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны анықталды. Ал Астанада лифт ішінде «мүрде» тасып және балтамен шабуыл жасап, жұрттың үрейін ұшырған блогерлердің «тапқырлығы» одан да асып түсті. Қатыгез пранктің барлық қатысушылары 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секірмек болған. Өкінішке орай, бұл әрекет қайғылы аяқталып, ол ауыр жарақаттан көз жұмды. Мұндай әзілдер қауіпті ғана емес, сонымен бірге әдеп нормаларына сәйкес келмейді. Қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпсіздікке нұқсан келтіру орны толмас салдарға әкелуі мүмкін. Бұл көріністердің куәгерлері қорқыныштан күйзеліске ұшыраса, орындаушылар өз өмірлерін қатерге тігеді.
Айттың не, айтпадың не, жыл басынан бері осындай деректер бойынша 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ішкі істер министрлігі пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға Polisia.kz. арқылы үндеу жасап, авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатқанын мәлімдеді. Мұндай әрекеттер жалпыға қауіпті және қоғамдық тәртіпті бұзады.
«Ішкі істер министрлігі ескертеді: Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, дүрбелең туғызатын немесе зиян келтіретін, сондай-ақ адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранк пен қауіпті трюк – бұл өнер емес, заң бұзушылық. Күмәнді көріністі түсірмес бұрын немесе оған қатыспас бұрын салдарын ой елегінен өткізіңіз. Өмірде де, интернетте де өзгелердің сезімін, қауіпсіздігін және жеке шекарасын құрметтеңіз. Заңды сақтаңыздар және құқықтық жауапкершілікке әкелетін әрекеттерге бармаңыздар», деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев